Э.Байғазиннің жаңа картинасының әлемдік премьерасы осы күндері өтіп жатқан беделді Торонто кинофестивальінің «Заманауи әлемдік кино» секциясында орын алды.

Фильм үш жыл бойы Алматы, Түркістан облысы, Ақтау және Таиландта түсірілді. Картина тағдырлары қиылысып, бір калейдоскопты құрайтын адамдардың арасында жүріп, түрлі оқиғалар тізбегіне тап болатын кейіпкер туралы баяндайды.

Басты рөлді Еркебұлан Тасынов сомдаған. Байғазиннің өзі жобада сценарий авторы, режиссер, оператор және продюсер болды.

«Бұл фильмнің идеясы маған он жыл бұрын тұңғыш картинамды түсіруге дайындалып жатқанда келді. Кейіпкердің басына түскен қиындықтарға қарамастан, мен әрқашан бұл оқиғаны өмірге деген махаббатқа толы деп санайтынмын», - деді режиссер.

Эмир Байғазин 2013 жылы әр түрлі фестивальдерде 25-тен астам марапаттарға ие болған «Уроки гармонии» картинасымен әлемдік кино алаңына шықты.  Сол жетістіктердің арасында Берлин кинофестивалінің «Күміс аюы» да бар.  Кейін режиссердің «Раненый ангел» мен «Өзен» фильмдері шықты, батыс жұртшылығы оны жылы қабылдады. «Өзен» фильмінің әлемдік премьерасы 75-ші Венеция кинофестивалінде «Көкжиектер» бағдарламасында көрсетілді, онда Эмир «Үздік режиссер» ретінде марапатталды.

Айта кетейік, америкалық киноакадемия сыйлығына үміткерлердің тізімі 2023 жылғы 24 қаңтарда жарияланады. Марапаттау рәсімі 2023 жылғы 12 наурызда өтеді.