Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық қаржыгерлерге еліміздегі ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы мәлімет берді.
Мемлекет басшысы бұл маңызды өзгерістердің қаржы-экономика секторына ықпалы тұрғысынан мәні зор екенін айтты.
– Бизнес пен қаржы институттары үшін бұл нені білдіреді? Бұл нарыққа шығу жолын кеңейту мен ашықтықты қаматамасыз ету. Жалпы, жеке сектор мен халықаралық серіктестер үшін жаңа мүмкіндіктер ашу дегенді білдіреді, – деді Президент.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың маңызды секторларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы Қазақстанның мүмкіндіктеріне назар аударды.
Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен ынтымақтастықтың перспективаларына тоқталды. Президент Қордың активтерін жекешелендіруге байланысты жаңа мүмкіндіктер ашылатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, жасыл экономика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы еліміздің зор әлеуетіне, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығында жасалған қолайлы жағдайға назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда америкалық іскер топтарға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.