2002 жылғы 19 қыркүйекте Президенттің Жарлығымен Қазақстанда алғаш рет адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы құрылып, оның қызметін ұйымдастыру туралы ереже бекітілді.
Ең алғаш рет Уәкіл лауазымына Байқадамов Болат Кенжекешұлы тағайындалып, ол бұл қызметті 2007 жылға дейін атқарды.
2007-2019 жылдары Омбудсмен Асқар Оразалыұлы Шәкіров болды.
2019 жылғы 2 қыркүйектен бастап Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Әзімова Эльвира Әбілхасымқызы болып табылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясына 2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда қабылданған түзетулерге сәйкес Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдеседі, оларды ілгерілетуге ықпал етеді және 5 жыл мерзімге тағайындалады.
Уәкіл өз өкілеттіктерін жүзеге асыру барысында тәуелсіз және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді.
2021 жылғы 29 желтоқсанда Президент Уәкілдің өкілеттігі мен қызметін ұйымдастыруды айқындайтын «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Заңына қол қойды.
Аталған Заңмен уәкілдің аумақтық өкілдерін құру көзделген. Бүгінгі таңда оларды ашу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі уақытта Омбудсменнің конституциялық мәртебесін күшейту мақсатында «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
#Ombudsman #Уәкіл #АдамҚұқығы #20жыл