Отырысты ашқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруды бастау үшін АӨСШК алдағы мерейтойлық Cаммитінің маңыздылығын атап өтіп, мүше мемлекеттерге осы бастаманы қолдағаны үшін алғысын білдірді.

Қатысушылар алдағы Cаммит барысында қабылдауға жоспарланған қорытынды құжаттардың мазмұнын, атап айтқанда Cаммиттің басты қорытынды құжатының, АӨСШК Қоры туралы ереженің, АӨСШК мүше мемлекеттер басшыларының ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық жөніндегі мәлімдемесінің, БҰҰ Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі АӨСШК Іс-қимыл жоспарының және т.б. құжаттардың жобаларын егжей-тегжейлі талқылады.

Бұдан басқа, АӨСШК одан әрі институционалдық дамыту перспективалары және Кеңесті трансформациялау процесін ілгерілету жөніндегі практикалық қадамдар туралы пікір алмасылды.

Іс-шара барысында АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай қатысушыларды алдағы Cаммиттің негізгі ұйымдастырушылық-протоколдық мәселелері туралы хабардар етті.

Кездесуге қатысушылар АӨСШК 6-шы Саммитін сәтті өткізу және мазмұнды толықтыру мақсатында Форум шеңберінде белсенді бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы шеңберінде ҰҚШҰ мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты, ағымдағы қызметтің кең ауқымын қарады және Ұйымның одан әрі дамуын талқылады.

Сонымен қатар, министрлер БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясының күн тәртібінде мәлімделген тараптардың басымдықтарын іске асыру шеңберінде ҰҚШҰ мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын, сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясының БҰҰ мен ҰҚШҰ ынтымақтастығы туралы қарарын қабылдау мақсатындағы ынтымақтастықты талқылады.