Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «SAMSUNG ELECTRONICS CENTRAL EURASIA» ЖШС арасында осы бағыттағы бірлескен жұмыс туралы стратегиялық келісім жасалған болатын.

Ресми кездесу барысында тараптар арнайы бағдарламалық жасақтамасы бар Galaxy бизнесі үшін қауіпсіз мобильді құрылғыларды қолдана отырып, агроөнеркәсіптік кешендегі әлеуетті жобаларды қарастырды.

Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген Galaxy Tab Active3 индустриялық планшетіне орнатылатын ИӨС-mobile мобильдік қосымшасының көмегімен ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру және ветеринариялық іс-шаралар процестерін оңтайландыру жоспарланып отыр. Шалғай елді мекендердегі фермерлерге ыңғайлы болу үшін бағдарлама оффлайн режимде жұмыс істейтін болады.

Мобильдік құрылғылар мен қосымшалар ақпаратты жинау мен өңдеуден бастап аграрлық шешімдерді қабылдауға дейінгі барлық кезеңдерде дәлме-дәл егіншілік және цифрлық фермалар процестеріне енгізіледі.

Аталған бағдарламалық қамтамасыз ету министрліктің ведомстволарының бақылау-қадағалау функциялары саласында жұмыс істейтін болады.

Бірінші кезеңде биылғы жылдың соңында және келесі жылдың басында АШМ-ге ведомстволық бағынысты ұйымдардың мың маманын осы құрылғылармен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Кейін ынтымақтастық шеңберінде қазақстандық агроөнеркәсіптік кешенге 10 мың бірлікке дейін қорғалған мобильді құрылғыларды енгізу жоспары бар.

Мұның барлығы фермерлердің шығындарын едәуір қысқартуға, алынатын өнім көлемін ұлғайтуға, қолда бар цифрлық жабдықтар есебінен шешімдер қабылдау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.