Бұл ретте министрлік тарапынан бірқатар шаралар қолға алынбақ. 


«Соңғы екі жылда педагогтерді даярлауға мемлекеттік тапсырыс артты. Білім гранттарының орташа құны 3 есеге артып, 1 млн теңгеге жетті. Жалпы 50 оқу орнында педагогтер даярланады. Оның ішінде 5 мамандандырылған педагогикалық университет бар. Арнайы бағдарлама аясында, келесі жылдан бастап олардың материалдық-техникалық базасын, оқытушылардың біліктілігін арттыру, жаңа зертханалар ашу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазір қаржы қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, педагогтерді даярлау сапасын арттыру көзделген. Қазіргі уақытта Финляндия университеттерімен бірлесіп, 30 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді. Жоба аясында 17 педагогикалық университет қамтылған, 110 оқытушы арнайы оқудан өтті. Келесі жылдан бастап педагогтердің жаңа кәсіби стандарты пысықталады және педуниверситеттердің жаңа аттестациялық моделі енгізіледі», - деді министр.


Сонымен қатар былтырдан бастап «Болашақ» бағдарламасынан тыс жыл сайын «500 ғалым» жобасы жүзеге асырылады. Былтыр 400-ден астам адам ғылыми тағылымдамадан өтуге жіберілді, биыл олардың саны 500-ді құрамақ. Оның ішінде педагогикалық ғалымдар квотасы ескерілген.