Ведомство мен еншілес ұйымдардың өкілдері Тараз қаласына, Талас, Сарысу, Меркі, Шу аудандарына барып, аудан халқымен, жастармен, жұмыс берушілерімен және кәсіпорындардың жұмыскерлерімен, медициналық-әлеуметтік мекемелердегі ұжымдармен және қамқорлықтағылармен, ауылдық округ әкімдерімен және мәслихат депутаттарымен кездесулер өткізді. Мобильдік топтың жетекшісі – «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Бас директоры Нұрсұлу Кемел өз сөзінде Әлеуметтік кодексте заңнамалық деңгейде бекітілетін азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуге назар аударды.

Мобильді топ мүшелерінің облыс әкімінің орынбасарымен, өңірдің аудандары мен қалаларының әкімдерімен кездесуі барысында қала, аудан және ауылдық округ әкімдерінің Мемлекет басшысының әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларын іске асыру мәселелері және әрбір елді мекендегі ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасы бойынша азаматтарды ақпараттандырудағы басты рөлі атап өтілді.

Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Нұрсұлу Кемел журналистерге 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем мөлшерінің осы жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау шеңберінде орта есеппен 13% - ға артқаны туралы айтты. Әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамытудың осы және басқа да шаралары ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында көзделетін болады.

«Жұмыс берушілердің МӘСҚ-тегі олардың қызметкерлері үшін әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің мөлшері өзгеріссіз қалатынын атап өту қажет. Сонымен бірге құжатта табысты жоғалтудың әлеуметтік тәуекелдерінің барлық 6 түрі бойынша жұмыспен қамтылған халықты міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтуды кеңейту көзделген. Олар жұмысынан айырылу, еңбекке қабілеттілігінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылу, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылу», –деді Нұрсұлу Кемел.

Журналистерді Ұлттық қордың инвестициялық табысынан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған арнайы шоттарда қаражат жинау және бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлемдердің ұзақтығын арттыру мәселелері қызықтырды.

«Бала күтімі бойынша төлем кезеңін 1 жастан 1,5 жасқа дейін арттыру жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қатысты болады. Бұл ретте ата-аналар табысы мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері де соғұрлым жоғары болатынын түсінуі тиіс», – деп атап өтті Нұрсұлу Кемел.

Тараз қаласының тұрғындарымен кездесу барысында мобильді топ мүшелері зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру туралы айтып берді. Осылайша, Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында базалық зейнетақы мөлшерін арттыру және ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табысты ұлғайту көзделген. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27% - ға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жастар бастамаларын қолдау шаралары бойынша түсініктемелер берілді. Жыл сайын 300 мыңнан астам жас еңбекке қабілетті жасқа жетеді. Қазақстанның еңбек нарығының болашағын жастар айқындайды. Қазірдің өзінде олар жұмыспен қамтылғандардың 60% - ын құрайды, ал 2030 жылға қарай олардың үлесі Қазақстанның барлық жұмыс күшінің 80% - ынан асады.

Жастарды қолдау мақсатында әлеуметтік лифтілер жүйесін құру және жастарды қолдау бағдарламаларына тәсілдерді қайта қарау қажет. Қолдау шараларының бірі Мемлекет Басшысының жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін 2,5% - бен жеңілдетілген микрокредит беруі болады.

Халықпен кездесуден кейін мобильді топ мүшелері жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдады, оның барысында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің көмегімен онлайн режимде азаматтардың әлеуметтік көмек немесе төлем алу құқықтары нақтыланды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері Тараз қаласындағы «Қазфосфат» ЖШС кәсіпорнының базасында жұмыс берушілермен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Жұмыс берушілер мен жұмыскерлерді ең төменгі жалақыны (бұдан әрі – ЕТЖ) және жұмысынан айырылу бойынша төлем мөлшерін арттыру мәселелері қызықтырды.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылады.

ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті. Осының арқасында әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық салаларында жұмыс істейтін жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің ақшалай кірістері өседі.

«Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған тапсырмасын орындау үшін жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар түскен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының орташа айлық табысының 45%-на дейін ұлғайтылады. Бұл 2023 жылы 117 мыңнан астам адамды қамтиды», – деп түсіндірді Нұрсұлу Кемел.

Сонымен қатар Талас, Сарысу, Меркі және Шу аудандарының тұрғындарымен өткізілген кездесулер барысында мобильдік топ мүшелері Отбасының цифрлық картасын енгізу, Электрондық еңбек биржасы базасында цифрлық экожүйені қалыптастыру, жұмыспен қамту саласындағы жаңа саясат, оқыту жүйесін дамыту және кәсіби дағдыларды сертификаттау, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту және т. б. туралы айтып берді.

24 қыркүйекте мобильді топтың ақпараттық-түсіндіру жұмысы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында жалғасады.