Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин модераторлық жасаған жиынға құрылыс жобаларын сараптау саласындағы ұйымдардың қызметкерлері, кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.
Қазіргі уақытта әлемде қалыптасқан геосаяси ахуалға байланысты туындаған көлік-логистикалық дағдарыс әсерінен биыл басқа елдердегідей Қазақстанда да құрылыс материалдарының қымбаттауы орын алып отыр. Құрылыс материалдарын жеткізушілерінің алып-сатарлық әрекеттері де бағаның өсуіне өз әсерін тигізуде.
«Министрлік бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан нысандардың қымбаттауының алдын алу үшін нақты қадамдар жасауда. Бүгінде республика бойынша 5 828 объектінің құрылысы жүргізілуде. Ведомствоның тұрақты мониторингінің нәтижесінде мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын 230 нысанның құрылысы тоқтатылды. Бұдан бөлек, 64 жобадағы құрылыс жұмыстарына қымбатшылыққа байланысты шектеу қойылды», – деп атап өтті Тимур Қарағойшин.
Басқосуда жергілікті атқарушы органдардың құрылыс объектілерін уақтылы қаржыландырмау мәселесі де көтерілді. Комитет төрағасының айтуынша, өңірлердегі әкімдіктердің жүйесіз жұмыстары құрылыс құнының қымбаттауына орай көптеген жобалық түзетулерге әкеп соғады. Осындай олқылықты жайттарға жол бермес үшін министрлік құрылыс жобаларына жеңілдетілген түзетуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қадамдық іс-қимыл тетігін әзірледі.
Сондай-ақ бүгінде ведомство құрылыс материалдары бағаларына да тұрақты мониторинг жүргізуде.
«Құрылысқа қажетті ресурстар құнындағы өзгерістерге жедел назар аудару үшін арнайы сметалық бағалар жинағы шығарылмақ. Бұл – бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілер құрылысының аяқталмау қалу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Аталған құжат биылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі», – деді комитет төрағасы.
Сонымен қатар ҚР ИИДМ Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп қаржыландыру мерзімдерін орындау аясында жауапкершілік шараларын қатаңдату және жобаларды түзету кезінде мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның актісін алып тастау бойынша жұмыстар жүргізуде.
Басқосу соңында құрылыс саласындағы бизнес-қауымдастық өкілдері мен сала мамандары баға өсімін тежеуге және құрылыс нысанының шекті құнын есептеуге байланысты сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын білдірді.
Министрлік өкілдері жұмыс тәртібімен аталған ұсыныстар назарға алынатынын жеткізді.