«Үміткерлердің сайлау науқанында оларға көмектесетін, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін және кандидаттардың мүддесін қорғайтын сенімді өкілдері болуы мүмкін. Кандидаттар әр сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын мөлшерде өз қалауы бойынша сенім білдірілген адамдарды тағайындайды. Сенім білдірілген адамдар сайлау комиссиясына сенім білдірілген адам болуға келісімі туралы өтініш береді. Сайлау комиссиясы сенім білдірілген адамдарды тіркегеннен кейін оларға тиісті куәліктер береді», - деп түсіндірді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов.

Ол қол жинаушы адам қол жинау кезінде тиісті қол қою парағында жеке қолы қойылған кандидаттың уәкілетті өкілі куәлігінің көшірмесін көрсетуі керектігін атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлердің әрқайсысы 118 мың қол жинауы керек. Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттарды қолдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде 2/3 бөлігінің бірдей өкілі болып табылатын сайлаушылардың кемінде 1 пайызының қолын жинаумен расталуға тиіс.

2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасы сайлаушылар тізіліміне 11 миллион 827 мың 277 азамат енгізілген. Әрбір кандидатты қолдау үшін 118 273 сенімді қол жинау қажет. Қазақстан Президенттігіне кандидаттарға қол қою парақтарын беру мерзімі екі еседен астамға – бес күннен екі күнге қысқартылды.