Оның мәліметінше, еліміздің 5 өңірінде екі қарсылас транс-ұлттық қылмыстық топ ұсталды. Атап айтқанда, Алматы қ., Атырау, Маңғыстау, СҚО, Жамбыл облысында. Олар қарақшылық пен кәсіпкерлерді қорқытып алумен айналысқан. Қазіргі уақытта, 11 адам құрықталды. Оның ішінде, киллерлер де бар. Тінту барысында олардан қарулар, ату жарақтары және есірткі тәркіленді.


«Алматы облысында екі майнинг фермасын құрған, бұрын сотты болған қылмыскерлер тобы әшкереленді. Жалпы 20 адам ұсталды. Құны 7 млн АҚШ долларын құрайтын жабдықтар, қару-жарақтар тәркіленді. Олардың ай сайынғы заңсыз табысы – жарты млн АҚШ долларына дейін жетіп отырған. Сондай-ақ Шымкентте, Таразда және Түркістанда қыздарды жез-өкшелікке тарту және сатумен айналысқан, 11 адамнан тұратын қылмыстық топ анықталды. 14 жәбірленушінің аты-жөндері нақтыланды. Оның алтауы кәмелетке толмағандар. Алматы қаласында жаңа туған нәрестелерді сату фактілері бойынша 6 қылмыстық іс тергелуде. Осы қаланың әуежайында құны 84 млн теңге құрайтын алтын контрабандасын алып өтпек болған шетелдік азамат тұтқындалды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда», - деді министр.