«Қазақстан президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді жетік меңгеруі ҚР Конституциясының 41-бабы бойынша лингвистикалық комиссияның қаулысымен анықталады. ОСК-ның осы мәселе бойынша құзыреті «ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 54-бабы 2-тармағында көрсетілген.

Нақтырақ айтқанда, осы бапқа сәйкес, Конститутцияның 41-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы Конституциялық кеңестің шешімі бойынша мемлекеттік тілді білудегі кандидаттың біліктілігін анықтау Орталық сайлау комиссиясының шешімімен айқындалады. ҚР Конституциясының 41-бабы 2- тармағын ресми түсіндіру туралы Конституциялық кеңестің 1998 жылғы 9 қазандағы №280 қаулысына сәйкес, ҚР Конституциясының 41-бабы 2-тармағы нормасының мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген бөлігінде «қазақ тілінде сауатты түрде оқиды, жазады, өз ойын қиналмай оңай жеткізеді және көпшілік алдында сөйлей алады» деп айтылған», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман ОСК отырысында.

Оның атап өтуінше, үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау ОСК-ның қаулысына сәйкес, құрамы кемінде 5 адамнан құралған мамандар кіретін лингвистикалық комиссияның қорытындысымен айқындалады.

«ОСК-ның ҚР президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі туралы 2005 жылғы 31 тамыздағы №12/26 арнайы қаулысы бар. Президенттікке үміткердің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау үшін бірінші, лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі 2 беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазады. Екінші, лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі 3 беттен аспайтын мәтінді оқу. Үшінші, лингвисткалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көпшілік алдында 15 минуттан кем емес уақыт сөз сөйлеу талап етіледі», - деді ол.

Сонымен қатар, ҚР Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын комиссия құрамын бекіту туралы қаулы қабылдады.

«Орталық сайлау комиссиясының сұранысы бойынша Ғылым және жоғары білім, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері, сонымен қатар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті лингвистикалық комиссияның құрамына кандидаттарды ұсынды», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман ОСК отырысында қаулы жобасын таныстыра келе.

Сонымен, оның дерегінше, комиссия құрамына мына ғалымдар ұсынылды: филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі , жазушы, абайтанушы Ғарифолла Есім, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Жазушылар одағының мүшесі Жанқара Дәдебаев, Назарбаев университеті қазақ тілі, әдебиеті және мәдениеті кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы профессор Гүлтас Құрманбаева, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі интституының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова.

«Барлық кандидаттар қазақ тіл білімі мен әдебиеті саласында танылған әрі танымал ғалымдар. Лингвистикалық комиссия отырыстарының аңдатпалары ОСК-ның сайтында жария етіледі. Комиссия отырыстары ашық түрде өтеді», - деді ол.

Еске салайық, бүгін ҚР ОСК президенттікке кандидаттар лингвистикалық комиссия алдында қандай сынақ тапсыратынын айтқан болатын.