Қаулы жобасын таныстырған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафинаның айтуынша, мемлекет президенттікке үміткерлерге бұқаралық ақпарат құралдарында өз бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін қаражаттың тең бөлінуіне кепілдік береді.

Осылайша, БАҚ-та бағдарламасымен сөз сөйлеуге, яғни теледидарда - 15 минут; радиода -10 минут; мерзімді баспасөз басылымдарында немесе желілік басылымдарда 0,1 баспа табақтан аспайтын екі мақала жариялау үшін үміткерге заңмен қаражат бөлу қарастырылған.

Бұдан басқа, республикалық бюджет қаражатынан кандидаттардың сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу; үгіт материалдарын шығару және көлік шығындары жабылады.

Қорытындысында комиссия мүшелері «2022 жылғы 20 қарашаға бекітілген ҚР президентін кезектен тыс сайлауда республикалық бюджет қаражатынан өтелетін Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттың шығыстар мөлшерін белгілеу туралы» қаулы қабылдады.

Оған сәйкес үміткерлердің шығыстар мөлшері 10 312 600 теңге көлемінде белгіленген:

1. теледидар және радио бойынша бағдарламалармен сөз сөйлеу, сондай-ақ мерзімді баспа басылымдарында 2 мақала жариялау - 9 012 600 теңге;

2. сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын шығару - 800 000 теңге;

3. көлік шығындары - 500 000 теңге.

Сонымен қатар, ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында комиссия мүшесі Сабила Мұстафина президенттікке кандидаттың сайлау қоры қандай қаржы көздерінен құралатындығын айтты.

«Сайлау қоры мынадай көздерден құралады: жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінен 12 000 еседен аспауға тиіс - кандидаттың өз қаражаты, кандидатқа оны ұсынған республикалық қоғамдық бірлестіктің бөлген қаражат. Бұл 720 миллион теңгені құрайды. Жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінен 15 000 еседен артық аспауға тиіс республика азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырымдылықтары. Ол 900 миллион теңгеге тең. Белгіленген мөлшерден артық түскен ақша қаражаты сайлау қорларына есепке алынуға жатпайды және оларды қосқан азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, дерегі жоқ қайырымдылық қаражаттары республикалық бюджет кірісіне енгізіледі. Сайлау қорларына тек заңды жолмен алынған қаражат жіберілуі мүмкін. Сайлау қорының қаражатына иелік ету құқығы тек Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттарға ғана тиесілі.

«Сайлау қоры қаражатынан кандидаттар:

бірінші, кез келген тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға;

екінші, сайлау алдындағы жария іс-шараларды және сайлаушылармен кездесулерді ұйымдастыруға және өткізуге;

үшінші баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгіт материалдарын шығаруға және таратуға; - төртінші, заңды және жеке тұлғалардың үгіт жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қызметтеріне ақы төлеуге;

бесінші, президенттікке кандидаттардың және олардың сенім білдірген адамдардың сайлау алдындағы көлік және іссапар шығыстарын жабуға;

алтыншы, сайлау науқаны үшін арнайы әзірленген баспа материалдарын, оның ішінде безендірілген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгілерді, жалауларды, жалаушаларды және басқа да белгілер мен нышандарды тегін тарату үшін дайындауға арналған шығындарды төлеуге құқылы», - деді Сабила Мұстафина.