Кездесу онлайн режимде өтті, қатысушылар ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастық, Қазақстаннан Пәкістанға газ бен көмір жеткізу, банк секторы саласындағы өзара іс-қимыл сияқты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Сондай-ақ тараптар транзиттік сауда, кеден істеріндегі ынтымақтастық және әкімшілік өзара көмек туралы үкіметаралық келісімдер жобаларының қыр-сырын қарастырды.

Кездесу соңында Серік Жұманғарин Қазақстанның өзара тиімді және жемісті ынтымақтастық орнатуға және Қазақстан-Пәкістан диалогын одан әрі кеңейтуге ниетті екенін атап өтіп, сындарлы және нәтижелі диалог үшін алғысын білдірді.

2022 жылғы қаңтар-шілде айларында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдері мен ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу өнімдерінің тауар айналымы $12,6 млн-ды құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 28,8%-ға артық ($9,8 млн).