Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндалды. Атап айтқанда, интернеттегі алаяқтыққа, есірткі бизнесіне және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес күшейтілді. Отбасылық-тұрмыстық жанжалдан туындайтын құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр.
Сондай-ақ Марат Ахметжанов Ресей Федерациясы азаматтарының елімізге келуіне байланысты ішкі істер органдары қабылдап жатқан шаралар туралы айтты.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысына Ішкі істер министрлігінің бюрократиядан арылту, цифрландыру және жұмыс процесін автоматтандыру, ішкі рәсімдерді оңтайландыру бағытында атқарып жатқан қызметі туралы ақпарат берілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға, сондай-ақ көші-қон мәселесіне тиімді бақылау жүргізуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.