“Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір”, деп атап өтті Президент. 

“Мен биыл халықтың қалауын ескере отырып, осы аймақта жеке облыс құру туралы шешім қабылдадым.

Аталған қадам өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүйесі жүзеге асады.

Бұл шешім – шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы. Біз жаңадан құрылған облысты ұлттың ұлы тұлғасына деген ерекше құрмет белгісі ретінде Абай деп атадық.

Соңғы жылдары Абай өңірінің экономикалық көрсеткіштері біршама жақсарды. Былтыр облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 миллиард теңгеге жуықтады. Жыл басынан бері аймаққа 197 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Жергілікті кәсіпорындарға қолдау көрсетіп, шағын және орта бизнестің дамуына жан-жақты мүмкіндік жасау қажет. Сондай-ақ, бәсекеге қабілетті, ашық нарық қалыптастыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу аймақ басшылығының басты міндеті болуға тиіс, – деді Қ.Тоқаев.