“Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп және 14 балабақша салу жоспарланған. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырамын”, – деді Мемлекет басшысы.
“Біз ұстазды құрмет тұтқан елміз. Бұл сөзіміз нақты іспен бекітіліп жатыр. Арнайы Оқу-ағарту министрлігі құрылды. Біз бұған дейін «Педагогтардың мәртебесі туралы» Заң қабылдап, оның аясында мұғалімдердің жалақысын өсірдік. «Әліппені» қайтардық.
Орта білімді дамытуға бағытталған бірқатар жағымды өзгерістер бар. Осындай игі шаралар арқылы біз қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетеміз. Ұстаз біздің қоғамда әрдайым сыйлы тұлға болады.
Облыста қазіргі заманға қажетті, жоғары деңгейдегі, білікті мамандар даярлау үшін нақты шаралар қабылдануы керек. Осы орайда, Семейде университеттердің жанынан IT саласы мен тілдерді тереңдетіп оқытатын мектептер ашылуы қажет.
Аймаққа қажетті кадрларды дайындау үшін тиісті стандарт әзірлеген жөн. Жастарымыз сапалы білім алып, туған өлкесін дамытуға үлес қосуға тиіс. Сол себепті, облыстағы жоғары оқу орындарына қосымша 500 грант бөлуді тапсырамын.
Семейде еліміздегі негізгі медицина университеттерінің бірі орналасқан. Қазір менің тапсырмаммен білім ордасы жанынан көпбейінді аурухана салу мәселесі қарастырылып жатыр.
Менің тапсырмам бойынша Семейде онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы пайдалануға берілді. Балаларды оңалту орталығы салынып жатыр.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 65 нысан салынады. Біз ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарымызды оңалту мәселесіне баса мән беруіміз керек”, – деді Президент.