Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының елімізде 5 жыл ішінде 2 млрд.ағаш отырғызу бойынша берген тапсырмасы аясында жұмыстар жалғасуда.

Осы жылға 112 мың гектар алаңға 279 млн. дана ағаш отырғызу жоспарланған. Көктемгі отырғызу кезінде 40 мың га алаңға, 106 млн. дана ағаш отырғызылды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл екпелерін отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында, көктемде 12 мың га алаңда 3,6 млн дана сексеуіл көшеті отырғызылды. Күздің соңғы айларында 238 мың га алаңда орман мелиорациялық жұмыстар жүргізілетін болады.

Сондай-ақ биыл мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 95 мың га болатын орман өрттерінің 757жағдайы тіркелді, оның ішінде: 45мың га орманды алқап, жалпы келтірілген залал он тоғыз 19 млрд теңгеден асады, соның ішінде 18,7 млрд тенге залал Қостанай облысы бойынша.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға келетін болсақ, биыл "Ұлытау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, "Бөкейорда" мемлекеттік табиғи резерваты және Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалы құрылды.

Сонымен қатар, МҰТП-да туристер санының өсуі байқалады, тек жыл басынан бері 590 млн. теңге сомасына ақылы қызметтер көрсетілді.

Айта кету керек, ЕҚТА-да ғылыми-зерттеу жұмыстары да жүргізілуде. Қазіргі уақытта 125 тақырып зерттеліп жатыр.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында бизнес-процестерді автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі автоматтандырылған бақылау-өткізу жүйесін енгізуде. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша барлық ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда осы тәсілді масштабтау мүмкіндігі қарастырылатын болады.

Жануарлар дүниесіне келетін болсақ, биылғы жылы елімізде  тұяқтылардың саны өсіп жатыр.

Қар барысын сақтау жұмыстары ерекше қолға алынған. Қазір елімізде олардың саны 140-180-ге жетті. 2022 жылы алғаш рет

үш қар барысына спутниктік қарғыбау салынды, барлығы 7 қарғыбау тағу жоспарда бар.

Сонымен қатар, жолбарысты жерсіндіру жұмыстары қарқынды түрде жүруде-биыл Ресей Федерациясының экология министрлігімен жолбарысты жерсіндіру бойынша Меморандумға қол қойылды. Алғашқы жыртқыш елімізге 2025 жылы әкелінбек.

Сондай-ақ, Пржевальский жылқысын реинтродукциялау жоспарлануда-қазіргі таңда Братислава хайуанаттар бағымен 60 бас жануарды әкелу бойынша ауызша келісім бар.

2022 жылдың 9 айында облыстық аумақтық инспекциялар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың инспекторлары 900-ге жуық рейд және 500-ден астам тексеру жүргізді, табиғат қорғау заңнамасының 752 құқық бұзушылығы анықталды.