2022 жылғы 4 қазанда Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 54 және 55-баптарына, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған кезектен тыс сайлауы бойынша сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 67/545 қаулысына сәйкес Қажыкен Мейрам Зекешұлының «Аманат» Қазақстан кәсіподақтарының достастығы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып ұсынылуы туралы келесі құжаттары ұсынылды:

1. «Аманат» Қазақстан кәсіподақтарының достастығы РКБ жоғары органы отырысының Қазақстан Республикасының Президенттігіне ұсыну туралы хаттамасынан үзінді;

2. М.З. Қажыкеннің Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болуға келісімі туралы өмірбаяндық деректері қоса берілген өтініші;

3. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат;

4. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

5. Жоғары білім туралы дипломдардың көшірмелері.

Мейрам Зекешұлы Қажыкен 1961 жылдың 5 сәуірінде Павлодар облысында туған. Экономика саласындағы бірнеше ғылыми мақалалар мен кітаптардың авторы.

Еңбек жолын туған өлкесінде инженер-гидротехник болып бастаған (1982 жылы).

2002-2003 жылдары Павлодар облысы экономика департаментінің бастығы, 2003-2004 жылдары ҚР Премьер-Министрінің кеңсесінде Үкімет басшысының кеңесшісі, өндіріс және инфрақұрылым саласы бөлімінің меңгерушісі, 2010-2011 жылдары Қазақстан индустрияны дамыту институтының директоры қызметтерін атқарды.

Еске салайық, бұған дейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – Нұрлан Әуесбаевті, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Жигули Дайрабаевті кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде ұсынған болатын.