«Бүгінгі форум біздің елдеріміздің монополияға қарсы органдары арасында тәжірибе мен білім алмасу үшін маңызды сараптамалық алаң болып саналады. Қазақстан іс жүзінде бәсекелестікті кеңейтуге мүмкіндік беретін монополияға қарсы саясаттың жаңа бағыттарын белгіледі. Біз үш бағытты белгіледік: жекешелендірудің жаңа тетіктері, мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділік, сондай-ақ бәсекелестікті дамыту», - деді форумда құттықтау сөзін сөйлеген Марат Омаров.

 Монополияға қарсы ведомство басшысы жақын арада жекешелендіру тетігі қайта қаралатынын, атап айтқанда, жекешелендіруге жататын нысандарды іріктеудің негізгі көрсеткіштері белгіленетінін атап өтті. Жаңа тәсіл – «сұраныс бойынша» жекешелендіру көзделген, ол кәсіпкерге жекешелендіру объектісін таңдау құқығын береді, яғни жеке бастама болған жағдайда объект сатуға жатады.

Кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларын арттыруға келетін болсақ, БҚДА мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділік принципін ұстанады. Ол үшін мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың түпкілікті бенефициарларына талдау жасалады. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алулар мен квазисектордың сатып алулары шағын және орта бизнесті қолдауға баса назар аудара отырып, бизнесті қолдаудың қосымша құралы ретінде қарастырылатын болады. «Бұл жерде бәсекелестік ортаға бірлескен әсер етудің негізгі тетіктерін, көрсеткіштерді анықтау қажет. Көрсеткіштерге келетін болсақ, ЭЫДҰ елдерінде реттеу арқылы жасалған реттеуші кедергілер PMR (Product Market Regulation) көрсеткіштерімен өлшенеді. Біз оларды Агенттіктің тиімділікті бағалау жүйесіне енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді М.Омаров. БҚДА басшысы сондай-ақ Агенттіктің алдында Мемлекет басшысы белгілеген жаңа міндеттер тұрғанын атап өтті. Атап айтқанда, бағаны реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту туралы айтып отырмыз. Осы мақсатта Агенттік нарықтардың тиімділігін арттыруды, еркін бәсекелестік үшін қолайлы институционалдық және ұйымдастырушылық жағдайларды жасауды, бағаны мемлекеттік реттеуден нарықтық баға белгілеуге баса назар аударуды жоспарлап отыр.

Біз дәрі-дәрмек бағасын кезең-кезеңімен реттеуді ұсынып отырмыз. Қазір нарық қатаң реттеледі, тіркелген дәрілердің толық тізімі бойынша баға белгіленді. Бірінші кезеңде дәрі-дәрмектің 220 саудалық атауын, оның ішінде рецептсіз сатылатын препараттарды реттеуден шығару жоспарлануда. Бұл ретте Марат Омаров монополияға қарсы орган өз қызметін цифрландыратынын айтты. Ұлттық статистика бюросымен ҚР Стратегиялық жоспарлау мен реформалар агенттігімен бірге бәсекелестік жағдайының цифрлық аналитикалық картасы жасалады. Бұл ықтимал тәуекелдерді нақты уақыт режимінде бақылауға және алдын алу шараларын уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді. Агенттік сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы бизнес-процестерді оңтайландыру бойынша жұмыстарды жүргізеді. Заңнамалық деңгейде көрсетілетін қызмет алушылардың ұсынатын құжаттарының қысқаруына мүмкіндік беретін өзгерістер енгізіледі. 

Жиынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Марат Омаров мобильді байланыс операторларының бірі осы жылдың соңына дейін «Қазақтелеком» АҚ құрылымынан бөлініп шығуы керектігін атап өтті. «Яндекс.Такси» корпорациясына үстемдікті теріс пайдалану фактісі бойынша монополияға қарсы тергеу жалғасуда және оның нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданатын болады. Сондай-ақ ол таңбалау операторын реттеу шарасын күшейту немесе оны мемлекет меншігіне өткізу қажеттігін айтты.

 Анықтама: 2022 жылғы 6-7 қазан Алматыда VIII Еуразиялық монополияға қарсы форум өтіп жатыр. Монополияға қарсы форум Қазақстанда 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан сарапшылары ЕАЭО-ның қазіргі жағдайы, санкциялардағы бәсекелестік саясаты, валюталық құбылмалылық кезіндегі жосықсыз бәсеке және басқа да мәселелерді талқылайды.