Палата отырысы мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасын қараудан басталды. Жобаны Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов таныстырды.
«Заң жобасы мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешімдер қабылдау жүйесіне және олардың орындалуына жауапкершілікті өзгерту бойынша Мемлекет басшысы қойған тапсырмаларды орындауға бағытталған», – деді А.Қожахметов.
Бұдан бөлек жобада ротация тетігін жетілдіру және мемлекеттік қызметшілерді республика өңірлеріне ротациялауға ынталандыру да көзделген. Депутаттар заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін анықтап, оны жұмысқа қабылдады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Аталған шарт былтыр қазан айында Ашхабатта жасалған.
«Шарттың ратификациялануы және күшіне енуі оңтүстік межелерде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын межелеу үдерісін толық аяқтауға мүмкіндік береді. Ол Каспий теңізі жағалауындағы мемлекеттер арасындағы мемлекеттік шекараны заңды түрде бекітетін тарихтағы алғашқы құжат болмақ», – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Шартты қабылдау мемлекеттер арасында Каспий түбін бөлуге қатысты Түрікменстанмен даулардың туындауына ықтимал алғышарттарды жояды. Сондай-ақ Каспий теңізі түбінің қазақстандық секторының инвестициялық тартымдылығын арттырады және жер қойнауын пайдалануға және су биологиялық ресурстары кәсіпшілігіне егеменді құқықтарды іске асыру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді.
Өз кезегінде Депутат Зарина Камасова: «Менің түсінуімше, бұл шарт мемлекеттік шекаралар сызығын картада белгілеуге негіз болады. Ал шартта шекаралар бейнеленген графикалық карталардың болмауы шартты із-жүзінде қолдану кезінде қиындықтар туғызбай ма?» – деді.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов теңіз шекарасы координаттар бойынша бөлінгенін, техникалық бақылау бекеттерінде осы координаттарды көруге және бақылауға мүмкіндік беретін заманауи құрылғылар орнатылғанын айтты.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.