Аймақ басшысы Серік Шәпкенов Түркия Республикасы Мерсин провинциясы Мезитли ауданының мэрі Нешет Тархан бастаған делегацияны қабылдады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы бауырлас елмен көп жылдан бергі байланыстың табысты болғанын атап өтіп, әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

Кездесу барысында Серік Шәпкенов Атырау облысы үшін маңызы бар барлық ұсыныстар мен жобаларды қолдайтынын мәлім етті.

- Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Түркиямен арадағы дипломатиялық қатынас үздіксіз дамып келеді. Атырау облысында түрік кәсіпкерлері бірнеше жобаларды сәтті жүзеге асыруда. Дегенмен ауылшаруашылық, туризм және мәдениет саласындағы байланысты бекемдей түсуге болады. Экономикалық әлеуеті жоғары Атырау облысында мұнай-химия саласын дамытуға көп көңіл бөлінуде. Осы орайда полиэтилен мен пропилен өндірісінде түрік бизнесмендерімен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз,-деді С.Шәпкенов.

Серік Шәпкенов пен Нешет Тархан қос елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығы және туризм жайын, көлік және логистика, қала құрылысы сынды мәселелерді талқылады.

2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында Атырау облысы мен Түркия Республикасының арасындағы сыртқы сауда айналымы 1,3 млрд долларды құрады. Яғни экспорт - 1,3 млрд АҚШ доллар, импорт - 15 млн АҚШ доллар.