Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз сөзінде ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғаудың ағымдағы жай-күйін сипаттайтын негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер туралы хабардар етті, сондай-ақ ауылдағы денсаулық сақтауды дамыту перспективаларын белгіледі.

Ол бүгінде ауылда 7,8 млн адам тұратынын, бұл ел халқының 41%-ын, оның 38%-ын балалар, 62%-ын ересектер құрайтынын айтты. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым, оның ішінде 2 мыңнан астам медициналық пункт, 800 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1000-нан астам дәрігерлік амбулатория, 200-ге жуық емхана және 200 аурухана медициналық көмек көрсетеді.

Ауыл тұрғындарының денсаулығына келетін болсақ, жиі жағдайда 42,7% тыныс алу ағзаларының, оның ішінде, ас қорыту жүйесі – 9%, несеп-жыныс жүйесі – 6,3%, қанайналым жүйесі ауруларынан– 5,4%, жазатайым оқиғалардан, жарақаттар мен уланулардан-4,6% зардап шегеді, онкологиялық аурулар-1% құрайды.

Ауыл тұрғындары арасындағы өлім-жітім көрсеткішінің құрылымында қанайналым жүйесі ауруларынан, қатерлі ісіктерден, тыныс алу ағзаларының ауруларынан және жарақаттардан болатын өлім-жітім басым.

А. Ғиният әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту үшін аурулар мен асқынулардың дамуын болдырмайтын бірқатар жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Министрдің айтуынша, жүкті әйелдерді жеке және пәнаралық босанғанға дейінгі бақылаулармен қамту ұлғайды, көрсеткіш 82% -(2021ж. - 80%) құрады, жүктілікті ерте анықтау коэффициенті 11%-ға 10 аптаға дейін өсіп, 40%-ға жетті (2021ж. - 36%), бұл жүктіліктің ықтимал асқынуларын уақтылы анықтауға және болжауға мүмкіндік береді.

Ауруларды және даму бұзылыстарын уақтылы анықтау үшін жыл сайын 3,1 миллионнан астам баланы қамтитын профилактикалық қарап-тексерулер, 1,6 миллионнан астам ерте шақтағы балаларды скринингтік зерттеулер жүргізіледі.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы ауылдағы денсаулық сақтау саласында бірқатар проблемалық мәселелерді шешу қажет екенін атап өтті.

«Динамикалық бақылау сапасының төмендігі, консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімділігінің жеткіліксіздігі байқалады. Сонымен қатар, созылмалы аурулары бар пациенттерді қымбат дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету ауыл тұрғындарының арасында қала тұрғындарына қарағанда 2 есе аз. Бірқатар ауылдарда дәріхана пункттері жоқ», - деді А.Ғиният. 

Ауылдағы кадрлармен қамтамасыз етуді талдау 1 700-ден астам медицина қызметкерінің, оның ішінде 1000-нан астам дәрігердің (734 мейіргер) тапшылығын көрсетеді.

Ауылда дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші 10 мың тұрғынға шаққанда 17,2-ні құрайды (ҚР-40,9), экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш 10 мың тұрғынға шаққанда 33-ті құрайды.

«Мемлекеттік білім беру гранттарының санын ұлғайту, тұрғын үй және көтерме жәрдемақылар беру бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, ауылға жас мамандарды тарту үшін әлеуметтік қолдау пакетін күшейту қажет»,- деп атап өтті министр.

Бұдан басқа, резиденттердің ауылда міндетті практикадан өтуі үшін «резиденттер ауылға» пилоттық жобасы пысықталуда.

Мемлекет басшысы үш жыл ішінде резидентураға гранттар санын жыл сайын 70%-ға ұлғайтуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Мәселен, ағымдағы жылы практикалық денсаулық сақтау қажеттіліктеріне сәйкес аудандарға 2981 жас маман, оның ішінде ауылдарға – 797 адам жіберілді.

Шалғай ауылдардың тұрғындарына медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында бүгінгі таңда медициналық көмек пен консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсететін 149 жылжымалы медициналық кешен жұмылдырылды.

Биыл еліміздің 10 өңірінде (Атырау, Ақтөбе, Алматы, Абай, Жетісу, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Маңғыстау облыстары) 64 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен 2 «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздарының жұмысы қайта жанданды. 

Медициналық авиацияны ауыл тұрғындарын тасымалдайтын және шұғыл көмек көрсететін 33 әуе кемесі (20 ұшақ және 13 тікұшақ) жүзеге асырады.

Жедел медициналық көмек көрсету үшін ауылда 595 бригада жұмыс істейді, 1,5 млн.шақырылымға қызмет көрсетілді.

Аурулардың алдын алуға ерекше назар аударылады, сондықтан ауруларды ерте анықтау және уақтылы емдеу үшін ауқымды профилактикалық қарап-тексерулер енгізілуде.

Халықтың жыныстық-жас құрамын, денсаулығын талдауды ескере отырып, нысаналы топ пен ауыл тұрғындарының скринингтік қызметтерінің тізбесі кеңейтілді («Балалар» туғаннан бастап 18 жасқа дейін; «Жастар» 18 жастан бастап  29 жасқа дейін, «Еңбек-1» 30 жастан бастап 44 жасқа дейін; «Еңбек-2» 45 жастан бастап 65 жасқа дейін және 66 жастан асқандар – «Зейнеткер»).

«15 қыркүйектен бастап Қарағанды облысы Абай ауданының, Ақмола облысы Аршалы ауданының және Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталық аудандық ауруханаларында пилоттық жоба жүргізілуде. 20 қазаннан бастап ауылдарда профилактикалық қарап-тексерулер бүкіл ел бойынша жүргізілетін болады», - деді Ажар Ғиният.

Профилактикалық қарап-тексерулер жүрек-тамыр жүйесі ауруларының, қант диабетінің, асқазан мен бүйректің созылмалы ауруларының ерте кезеңдерін анықтауға бағытталған.

Асқазан-ішек жолдарының ауруларын, 18 жастан бастап 70 жасқа дейінгі және одан жоғары жастағы адамдарға арналған несеп-жыныс жүйесін, 50 жастан асқан адамдарға арналған тыныс алу ағзаларының аурулары мен қуық асты безінің қатерлі ісігін ерте анықтау бойынша қызметтер кеңейтілді.

18 жасқа дейінгі балалар үшін 1 жас, 3 жас, 6 жас және 14 жас аралығындағы зертханалық зерттеулердің қосымша жалпы клиникалық әдістері енгізілді.

Қалалық және ауылдық пациенттерді тең тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты амбулаториялық деңгейде мынадай жағдайлар жасалған:

- дәрілік заттар амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бірыңғай тізбесі бойынша қамтамасыз етіледі;

- ауылдық жерде дәрігер болмаған жағдайда фельдшер тегін рецепт жазып беруге құқылы;

- дәріхана жоқ ауылдық елді мекендерде дәрілік заттар медицина қызметкерлеріне медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектілері, сондай-ақ жылжымалы дәріхана пункттері арқылы тегін жіберіледі.

Денсаулық сақтауды қаржыландыру туралы хабардар ете отырып, министр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың рөлін атап өтті, соның есебінен медициналық қызметтерді қаржыландыру 2,1 есеге ұлғайды. Мәселен, МӘМС есебінен қаржыландыру медициналық көмектің көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік берді, соның ішінде профилактикалық медициналық қарап-тексерулер 2 есе; консультациялық-диагностикалық қызметтер 1,5 есе; стационарлық көмек 1,2 есе; жоғары технологиялық медициналық қызметтер 2,2 есе; медициналық оңалту 1,5 есе артты.

Сонымен қатар, қымбат КТ, МРТ және ПЭТ зерттеулерінің өсуі байқалады.

Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ауыл халқының денсаулық жағдайын жақсартуға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленді.

Бұл жобаны іске асыру екі мәселені шешуі керек.

Бірінші - жетіспейтін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарын: медициналық пункттерді, ФАП-тарды, дәрігерлік амбулаторияларды салу арқылы барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.

Бұл ауылдағы медициналық қызметтердің, оның ішінде профилактикалық тексерулердің, скринингтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ ауруларды ерте анықтауға және пациенттік-қашықтықтан көрсетілетін қызметтерге, созылмалы науқастарды, оның ішінде үйде сауықтыруға, қалпына келтіруге және медициналық оңалтуға бағытталған жаңа тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.

Екінші - заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған 5 негізгі орталықты қосымша орналастыра отырып, заманауи көпбейіні ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыруды жақсарту.

Бұл ауыл тұрғындарына шұғыл және мамандандырылған медициналық көмек көрсетудің уақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министрлігі басшысының айтуынша, бүгінде өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарын, оның ішінде 253 - медициналық пункт, 160 – дәрігерлік амбулатория және 242 - фельдшерлік-акушерлік пункт салу бойынша дайындық жұмыстары басталды.

32 көпбейінді аудандық орталық аурухана базасында 12 жұмыс істеп тұрған аурухананы жаңғырту және 20 жаңа аурухана ұйымдастыру көзделіп отыр, инсульт және кардиологиялық, теріні енгізу орталықтарын, реанимация және қарқынды терапия, аз инвазивті хирургия, травматология және оңалту бөлімшелерін ашу жоспарлануда.  

Сондай-ақ, аудандық орталық аурухананы заманауи медициналық жабдықтармен (КТ, МРТ, ангиограф, сараптамалық сыныпты ультрадыбыстық зерттеу, эндоскопиялық, реанимациялық, медициналық оңалту жабдықтары) жарақтандыру және күрделі жөндеу жүргізу көзделген.

Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде ауыл тұрғындарының өмір сүру ұзақтығының артуы, ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек «алтын сағат»қағидаты бойынша көрсетілетіні күтілуде,қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім (инфаркт, инсульт және т.б.) 20%-ға төмендейді.

Үкімет сағаты шеңберінде ғимараттың алдындағы алаңда көлік медицинасы, санитариялық автокөлік, жылжымалы дәріхана пункттері көрсетілді.

Сонымен қатар, Парламент холлында көрме ашылды, онда ауданаралық үш аурухана мысалында медициналық-әлеуметтік қызметтер мен профилактикадан бастап мультидисциплиналық тәсілді қолдана отырып инновациялық, жоғары технологиялыққа дейінгі медициналық көмектің кең спектрін ұсынатын Еңбекшіқазақ, Аягөз және Меркі Орталық көпбейінді ауруханаларының - үздік практикалар орталықтарының жұмысымен танысуға болады.

Сондай-ақ, іс-шара барысында eDensaulyq бөлімінде қолданыстағы сервистер таныстырылды. Бүгінгі таңда әрбір азамат EGOV mobil мобилдік қосымшасы арқылы өз денсаулығына қатысты ақпаратқа қол жеткізе алады. Бұған жазылған рецепттер, аурухана парақтары, диспансерлік есеп, дәрігерге жолдама, ауруханаға жатқызу фактілері және т. б. кіреді.

Денсаулық сақтау министрі отырыс барысында депутаттардың ауылдық медициналық мекемелерде жұмыс істеу үшін кадрлар даярлауға, техникалық жарақтандыруға, медициналық көмектің сапасына, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар сұрақтарына жауап берді.