Жобаны іске қосу рәсімінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан металлургия отандық өңдеу өнеркәсібінің локомотиві болып табылатынын атап өтті.

«Біз осы жылдың негізгі жобаларының бірін іске қосып жатырмыз. «RG Gold» ЖШС жаңа кешені Мемлекет басшысының өңірдің индустриялық-инновациялық әлеуетін нығайту бойынша алға қойған стратегиялық міндеттерін іске асыруға елеулі үлес қосады деп санаймын», – деді Иран Шархан.

Кешенді халықаралық инжинирингтік компаниялар өндірісті автоматтандыруға және металлургияда жаңа технологияларды қолдануға баса назар аудара отырып жобаланған. CIP («Carbon in pulp» - «Қойыртпақты көмір») әдісі бойынша жұмыс істейтін зауытты бас мердігер «AAEngineering Group» 1,5 жылдың көлемінде салған. Кәсіпорын Metso Outotec, ThyssenKrupp, FLSmidth, Weir Minerals, Roytec, Kemix тәрізді әлемдік көшбасшылардың заманауи құрылғыларымен жабдықталған. Жоғары технологиялық құрылғыларды пайдалану персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және операциялық шығындарды үнемдей отырып, өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

RG Gold ТКМК жобалау және салу кезінде қоршаған ортаға шығатын қалдықтардың нөлдік деңгейі қағидатын ұстанады. Кәсіпорында цианидті залалсыздандыру халықаралық талаптарға сәйкес жүргізіледі. Алдын-ала тазартудан және залалсыздандырудан кейін барлық қалдық халықаралық мамандардың қадағалауымен арнайы салынған, көлемі 8 млн текше метрден астам қалдық қоймасына жіберіледі.

 «Пандемия мен геосаяси жағдайдан туындаған логистикалық қиындықтарға қарамастан, тау-кен металлургия кешенінің құрылысы небәрі 18 айдың ішінде аяқталғаны үлкен жетістік болып табылады», – деп атап өтті RG Gold бас директоры Лоуренс Россоу.

Жаңа өндірісті іске қосу өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін беріп, ірі кәсіпорынға тауарлар мен қызметтерді жеткізе алады деп күтілуде. Жобаны іске асыру үшін компания 600 орындық жаңа вахталық кент салып, қосымша 350-ден астам адамды жұмысқа тартып отыр. Олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар.