ТМД мемлекеттер басшыларының кеңесі – Достастықтың жоғары органы, онда ұйым қызметінің негізгі мәселелері талқыланады және шешіледі.

ТМД саммиті Қазақстанның осы ұйымға төрағалық етуі аясындағы басты оқиғалардың бірі болмақ.

Бұл маңызды іс-шараға пандемиядан кейінгі кезеңде алғаш рет офлайн режимде ТМД-ға қатысушы барлық мемлекеттердің басшылары қатысады.

Іс-шараға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан басшылары, сондай-ақ Атқару комитетінің төрағасы - ТМД Атқарушы хатшысы қатысады деп күтілуде.

Саммитте соңғы жылдары ТМД желісі бойынша іс-шараларға қатысуды тоқтатқан Украина өкілі болмайды. Сондай-ақ, Молдова басшысы жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты қатыса алмайды.

Іс-шара барысында Достастық алаңындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылау, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы интеграциялық байланыстарды одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталған бірқатар құжаттарды қарау және қабылдау жоспарлануда.

Атап айтқанда, қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мақсатында мемлекет басшылары 2023-2025 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастықтың кезекті бағдарламасын бекітеді.

Интеграциялық өзара іс-қимылдағы мәдени құрамдас бөліктің ерекше рөлі тұрғысынан мемлекет басшылары Қазақстан Республикасының бастамасы бойынша мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдеме қабылдауды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, сайлау органдарының желісі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара іс-қимылды көздейтін бірқатар халықаралық шарттарға қол қойылады.

Сонымен қатар, саммитте 2023 жылы ТМД-ға төрағалық етуді Қырғыз Республикасына тапсыру және Бішкек қаласында мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысын өткізу туралы шешім қабылдау жоспарлануда.

Мемлекет басшысы еліміздің ТМД-ға төрағалығын қорытындылайды деп күтілуде.