Аталған мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев және энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биылғы қаңтар-қырқүйекте Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,8%-ды құрады. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 3,1%-ды, ал қызмет көрсету саласында 1,9%-ды құрады. Оң өсу қарқыны ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, құрылыс, көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі, сауда, және тау-кен өндіру өнеркәсібі салаларында тіркелуде.

ИНВЕСТИЦИЯЛАР

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 7%-ға дейін жеделдеген. 

Инвестициялардың өсімі білім беруде 45,7%-ға, саудада 23,3%-ға, құрылыста 22,9%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар бойынша 17,5%-ға, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 10,7%-ға, көлік және қоймалау бойынша 9,2%-ға, ауыл шаруашылығында 7,5%-ға ұлғайды.

Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Қызылорда, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалуда.

СЫРТҚЫ САУДА

«Биылғы қаңтар-тамызда сыртқы сауда тауар айналымы 36,3%-ға өсіп, $86,3 млрд-ты құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 50,6%-ға өсіп, $56 млрд-қа дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 36,5%-ға ұлғайып, $16,6 млрд-ты құрады. Тауарлар импорты $30 млрд-ты құрады. Жалпы оң сауда балансы $26,4 млрд-ты құрады», — деді Ә. Қуантыров. 

ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, осы жылдың қаңтар-қырқүйегінде өндіріс көлемі 4,6%-ға өсті. Көрсеткіштің өсімі 16 өңірде тіркелді. Соның ішінде Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалуда.

ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ САЛАЛАРЫ

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша өсу қарқыны машина жасау өндірісінде 7,6%, оның ішінде автомобиль жасауда 17,8% және электр жабдықтарын жасауда 11,5%, сондай-ақ азық-түлік тауарлары 3,7%, сусындар 7%, пластмасса бұйымдары 4,9%, дайын металл бұйымдары 2,5%, химия өнеркәсібі тауарлары 10,7% және киім өндірісінде 7,3%-ды құрады.

ТАУ-КЕН ӨНЕРКӘСІБІ

Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 0,1%-ға ұлғайды. Салалар бөлінісінде өсу тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 18,4%-ды, көмір өндіруде 2,1%-ды, газ және металл кендерін өндіруде 0,6%-ды құрады. Бұл ретте өндірістің өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 8,9%-ға төмендеуі тіркелді.

ҚҰРЫЛЫС

Аталған кезеңде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 5,1%-ға ұлғайды.

Көрсеткіштің оң өсуі 17 өңір бойынша тіркелді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Шымкент қаласында, Қызылорда, Ақмола, Алматы және Түркістан облыстарында байқалуда.

ТҰРҒЫН ҮЙДІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРУ

Биылғы қаңтар-қырқүйекте 10,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 0,9 %-ға артық. Оң өсу 15 өңір бойынша тіркелді. Ең жоғарғы көрсеткіштер Түркістан, Жетісу, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында байқалуда.

«Көрсеткіштің төмендеуі Ұлытау, Маңғыстау, Абай, Атырау облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалуда», — деді Әлібек Қуантыров.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 6,9%-ға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Қостанай, Ақмола, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары көрсетті.

ӨҢІРЛЕР

Әлібек Қуантыров берген ақпаратқа сәйкес, 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай:

Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсім 6 өңірде – Ақмола, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалуда.

6 көрсеткіш бойынша өсім 8 өңірде байқалуда. Бұл Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласы.

«Орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылып отыр», —деді Ә. Қуантыров.

1. Отандық азық-түлік тауарларын өндірушілерге жүйелі қолдау шараларын ұсыну және олармен сату бағасын белгілеу туралы келіссөздер жүргізу;

2. Нақты сектор кәсіпорындарының жүктемесін мониторингтеу және жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізуге жәрдемдесу;

3. Жаңа инвесторларға кешенді қолдау көрсете отырып, олардың сұраныстарына барлық деңгейлерде жедел ден қою;

4. Отандық экспортты жеткізудің үздіксіздігін қамтамасыз ету және тасымалдау мен логистикадағы проблемалық мәселелерді шешуге жәрдемдесу;

5. Туындайтын сұраныстарға уақтылы жауап бере отырып, қолданыстағы құралдар шеңберінде бизнесті белсенді қолдау.

«Жоғарыда аталған шараларды толықтай іске асыру еліміздің экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді», — деді ұлттық экономика министрі.

Әрі қарай Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов тақырып бойынша баяндама жасады. 

«Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығыстың салдары бағалардың өсуіне жол беріп отыр», — деді Ұлттық банк төрағасы.

Ғ. Пірматовтың айтуныша, көптеген елде инфляция нысаналы көрсеткіштерден артты. Әлемдегі монетарлық саясаттың күшеюі және логистикалық проблемалардың шешілуі 2023 жылы инфляцияның баяулауына әкеледі деп күтілуде. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының болжамы бойынша, G20 елдерінде инфляция 2022 жылғы 8,2%-дан 2023 жылы 6,5%-ға дейін төмендейді.

Инфляция болжамы бірқатар алғышартқа байланысты, олар: коронавирустың жаңа толқынының болмауы, Украинадағы соғыстың күшеймеуі, Еуропадағы энергия нарығындағы қысымның төмендеуі. Тыңайтқыштар бағасының өсуі, қолайсыз күн райының қатері қосымша проинфляциялық факторлар саналады.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы нақты мөлшерлемеге қатысты болжамды көрсеткіштердің оң болуын ескере келе, инфляциялық қысымды төмендету үшін пайыздық мөлшерлемелерді одан әрі көтеруді ұсынады.

Сонымен қатар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының пікірінше, салық-бюджет шараларында инфляция жоғары болған кезеңде бұдан былай тұрақты ынталандырудан бас тарту және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттілігі ескерілуге тиіс екені маңызды.

«Әлемдегі орталық банктер инфляциямен күресте ақша-кредит саясатын синхронды түрде күшейтуді жалғастырып келеді: АҚШ Федералды резервтік жүйесі қыркүйекте мөлшерлемені үшінші рет 75 базистік тармаққа көтерді, Еуропа орталық банкі мөлшерлемені 75 базистік тармаққа көтерді. Бұл мемлекеттік бағалы қағаздар кірістілігінің бұрын-соңды болмаған өсуіне және жарты ғасырда алғаш рет облигациялар нарығының төмендеуіне әкелді», — деді Ғалымжан Пірматов.

Ұлттық банк төрағасының айтуныша, осы жылдың басынан бастап мөлшерлемелердің өсуі аясында дамыған елдердің акциялары 27%-ға төмендеді, АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 1,51%-дан 3,83%-ға дейін 2,32 пайыздық тармаққа өсті.

АҚШ долларының индексі жыл басынан 17,2%-ға өсті.

Инвесторлар Ұлыбританияның фискалдық ынталандыру бойынша жариялаған жоспарларын теріс қабылдады және ол фунт стерлинг пен сол елдегі мемлекеттік бағалы қағаздардың құлдырауына әкелді.

Қаржылық шарттарды күшейту және рецессияның өсіп келе жатқан тәуекелдері аясында қорғаныш активтеріне көшу жалғасуда. Қор нарықтары қатарынан 3 тоқсан бойы төмендеп, 2008 жылдан бастап ең ұзаққа созылған құлдырауға жол берді.

«Қазақстанда инфляцияның айлық динамикасы осы жылғы наурыз айындағы ең жоғары көрсеткіштен төмендегеніне қарамастан, орташа жылдық мәндерден біршама асып, жеделдей бастады», — деді Ғалымжан Пірматов.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, оқу жылының оффлайн форматына толық өтуі, Ресейде жарияланған ішінара мобилизациядан кейін көрші елден халықтың ағылуы аясында тұрғын үйді жалдау ақысы бойынша, сондай-ақ білім беру қызметі мен кеңсе тауарлары бойынша соңғы екі айда бағаның айтарлықтай өскені байқалды.

Жылдық мәнде инфляция 17,7%-ға жетті. Азық-түлік өнімдері бағасының өсуі бұған айтарлықтай үлес қосуда, ол жылдық мәнде 22,2%-ға жетті. Азық-түлікке жатпайтын инфляция да импорттық тауарлардың қымбаттай түсуінен және оларға сұраныстың жоғары болуынан 17%-ға дейін жылдамдады. Ақылы қызмет көрсету инфляциясы 12,3%-ға жетті.

Фискалдық ынталандыру аясында жоғары инфляциялық процестердің орнықтылығы және экономикадағы сұраныстың күшеюі, оның ішінде жоғары инфляциялық күтулерді қолдайтын жаңа күтілмеген сыртқы өзгерістерді ескерсек, ақша-кредит саясатын одан әрі күшейту талап етіледі.

«Осы жылғы қыркүйекте теңгенің долларға қатысты бағамы 1 долларға шаққанда 476,53 теңгеге дейін 0,9%-ға әлсіреді», — деді Ғалымжан Пірматов.

АҚШ Федералды резервтік жүйесінің ақша-кредит саясатын белсенді түрде күшейтуі, доллар бағамының жаһандық нығаюы, геосаяси қақтығыстардың шиеленісуі, дамушы нарықтардың валюталарына секілді теңгенің де айырбастау бағамына қысым көрсетуді жалғастырып келеді.

Еркін өзгеретін бағам саясаты валюта нарығының жұмыс істеу тиімділігін арттыруға және халықаралық резервтерді сақтауға ықпал етеді.

Ұлттық Банк жеке тұлғалардың сыртқы экономикалық операцияларының жекелеген түрлері бойынша төлем балансы статистикасының ауқымын кеңейту бойынша жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, жеке тұлғалар шетелдік интернет-алаңдары арқылы сатып алатын тауарлар импортына бағалау жүргізілді. 2015 жылдан бергі кезеңде электрондық сауда бойынша тауар импорты $2,6 млрд-қа қосымша есептелді.

Қазақстан Республикасының Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан алынған мәліметтер негізінде жеке тұлғалардың шетелдік тіркеу нөмірі бар жеңіл автокөліктерді әкелуіне бағалау жүргізілді. Қазақстан Республикасында автомашиналардың бір бөлігі бастапқы тіркеуден өтпей, тиісінше, ресми статистикада көрсетілмей қалғаны бар. 2015 жылдан бастап автомобильдерді әкелу бойынша есепке алынбаған импорттың жалпы көлемі консервативтік бағалау бойынша $4,2 млрд доллар немесе орта есеппен жыл сайын 500 млн долларға жуық болды.

2015 жылдан бастап 2022 жылдың екінші тоқсаны аралығындағы кезеңде қосымша есептеудің жиынтық көлемі $6,8 млрд болды. Бұл ретте 2021 жылы ең көп қосымша есептеу болды, онда импорт $1,7 млрд-қа түзетілген.

«Осылайша, жеке тұлғалардың көрсетілген трансшекаралық операцияларының сыртқы сектордың статистикасына қосылуы осы жылдың 1-жартыжылдығында сауда балансының профицитін $6,6 млрд-тан $5,7 млрд-қа дейін төмендетті, бірақ төлем балансы статистикасының сапасын жақсартты», — деді Ғалымжан Пірматов.

Ұлттық банк төрағасы жалпы халықаралық резервтер қыркүйек айында $2,1 млрд-қа төмендеп, $84,4 млрд-ты құрады.

Ақпан-наурыз айларында интервенциялар жүргізу, мемлекеттік борышты төлеу, сондай-ақ алтын бағасының төмендеуі аясында жыл басынан бері алтын-валюта активтерінің $1,6 млрд-қа төмендеуіне қарамастан алтын-валюта активтерінің деңгейі жеткілікті және импорттың шамамен 7,3 айын жабуға мүмкіндік береді.

Республикалық бюджетке 3,7 трлн теңге сомасына трансферттер бөлу үшін жыл басынан бастап $3,4 млрд-қа валюталық активтер сатылды.

Дамыған елдердің орталық банктерінің ақша-кредит саясатын күшейту жөніндегі риторикасы аясында облигациялар мен акция нарықтары жыл басынан бері құлдырағанын көрсетті, бұл қыркүйек айында Ұлттық қор активтерінің төмендеуіне әсер етті: дамыған елдердің облигациялар портфелі (-)$722 млн-ға және акциялар портфелі (-)$1 255 млн-ға төмендеді.

Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бері 1,0 трлн теңгеге немесе 8,0%-ға ұлғайып, биылғы қыркүйек айының соңында 14,1 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бастап инвестициялық кіріс көлемі 742,0 млрд теңгені, зейнетақы жарналары 1 трлн 238 млрд теңгені, зейнетақы төлемдері 197,4 млрд теңгені, мерзімінен бұрын алу сомасы 858,5 млрд теңгені құрады.

«Зейнетақы активтерінің кірістілігі соңғы 12 айда 7,5% болды. Бұл ретте, зейнетақы активтерінің 5 жыл ішінде жинақталған кірістілігі жинақталған инфляция 53,7% болған кезде 55,8%-ды құрады», — деді Ғалымжан Пірматов.

Одан кейін тақырып бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты.

Кірістер бойынша мемлекеттік бюджетке 11 трлн 177 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 104,8%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 7,5 трлн теңге шамасында кірістер түсті немесе жоспар 101,9%-ға орындалды. Кірістер бойынша жоспар 143 млрд теңгеге артығымен орындалды, оның ішінде салықтар 55 млрд теңгеге, салықтық емес кірістер 89 млрд теңгеге асыра орындалды.

Салықтар бойынша негізгі асыра орындау сомасы қосылған құн салығына келеді.

Қосылған құн салығы бойынша жоспардың асыра орындалу факторлары:

- осы жылдың 9 айындағы тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өткізу бойынша айналымдардың өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 24%-ға ұлғаюы;

- қосылған құн салығы түсімдерінің 44%-ға ұлғаюы;

- үшінші елдерден импорт көлемінің 26%-ға ұлғаюы.

«Жоспар импорттық кеден бажы, корпоративтік табыс салығы және шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы бойынша орындалмады», — деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 2022 жылдың 9 айында 632 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 29%-ға азаюына байланысты.

Шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың орындалмауы нақты қалыптасқан экспорттық кеден бажы мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен аз болуымен және теңгенің долларға шаққандағы бағамының өзгеруімен байланысты.

«Жергілікті бюджеттердің кірістері 111,2%-ға атқарылды және 3,7 трлн теңгені құрады. Жоспар 371 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 316 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды», — деді министр.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 96,2%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 96,3%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 97,9%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 12,9 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 494 млрд теңгені құрады, оның ішінде 9 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмегені – 485 млрд теңге.

«Ең көп игерілмеу сомасы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім, ішкi iстер және мәдениет және спорт министрліктерінде қалыптасты», — деді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Игерілмеудің негізгі себептері: министрліктердің қайта құрылуы, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау, бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру бойынша нормативтік құқықтық актілердің уақтылы қабылданбауы, төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі үшін жүргізілді.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 7,2 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 155 млрд теңге. Биыл өңірлерге 3,4 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қазанға 2,1 трлн теңге бөлінген. Оның 100%-ы игерілген. 7,7 млрд теңге – үнемдеу, 39 млрд теңге – игерілмеген, 47 млрд теңге асыра орындалды.

Ең көп игерілмеу мынадай өңірлерде қалыптасты: Маңғыстау және Батыс-Қазақстан облыстары, Астана қаласы. Игерілмеудің негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну.

«Мемлекеттік аудит бойынша осы жылдың 9 айында шамамен 10 трлн теңге сомасына 475 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералдық бақылаумен қамтылды», — деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, тексеру қорытындылары бойынша 31 650 рәсім бұзушылықтары анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 93%-ы орындады.

1 851 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен шамамен 3,6 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды. 288 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен 272 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 1 638 ұсыным берілді. 

Мемлекеттік активтерді басқару бойынша Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 675 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде сомасы 57 млрд теңгеге 244 объекті сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді.

«45 объекті сатылуға қойылды. 51 объекті қайта ұйымдастырылды және таратылды. 335 объекті сату алдындағы дайындықта. Есепті кезеңдегі мемлекеттік қаржының атқарылу нәтижелері осындай», — деді Ерұлан Жамаубаев.

Одан кейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев тақырып бойынша баяндады.

ӨНЕРКӘСІП 

«2022 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіпте оң үрдіс байқалып, жиынтық көрсеткіш 104,6%-ды құрады. Машина жасау саласында 7,6% деңгейінде тұрақты өсімді көрсетіп отыр», — деді Қайырбек Өскенбаев. 

Автокөлік құралдарын, трейлерлер мен жартылай тіркемелерді шығару, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісі, электр жабдықтары өндірісі, басқа топтамаларға енгізілмеген машиналар мен жабдықтар өндірісі, машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату артты.

Түсті металлургияда нақты көлем индексі 108,1%-ды құрады. Тазартылған мыс, құйма алтын, түйіршіктердегі күміс, тазартылған қорғаныс, катодты мыс және тазартылған алтын шығару көлемі ұлғайды.

Қара металлургияда нақты көлем индексі 100,0%-ды құрады. Ферросилиций, арматуралық илек, рельстер, фасон прокаты, болат құбырлары және ферроқорытпалар өндірістері көлемдері өсті.

«Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 10,2%-ды өсті. Оған тоқыма бұйымдары, киім және былғары өнімдер өндірісінің өсуі оң әсер етті. Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 10,7%-ға артты. Азықтық фосфаттың трикальцийі мен аммофос көлемі өсті», — деді Қайырбек Өскенбаев. 

КӨЛІК

Есептік кезеңде көлік саласында нақты көлем индексі 104,8%-ды құрады. Транзиттік контейнерлік тасымалдардың жүктер көлемі 5%-ға өсімі байқалады, 834,6 мың жиырма фунттық баламаны құрады.

Бұл ретте Қазақстан аумағы арқылы транзиттік жүктердің жалпы көлемі 19,7 млн тонна болатын оң үрдісті көрсетеді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға жоғары.

ҚҰРЫЛЫС

2022 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында құрылыс бойынша нақты көлем индексі 105,1%-ды құрады. Оң динамика Маңғыстау, Қарағанды, және Абай облыстарын қоспағанда 17 өңірде байқалады.

Тұрғын үй құрылысы бойынша осы жылдың 9 айында 10,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіне 100,9%-ды құрайды.

Бүгінде республика бойынша барлығы 88 312 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің артуы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Маңғыстау, Атырау, Ұлытау, Абай, облыстарын және Астана қаласын қоспағанда 15 өңірде байқалады.

Тұрғын үйді пайдалануға беру жылдық жоспарға 70%-ды құрап отыр.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2022 жылға жоспарланған барлық көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін болады», — деді Қайырбек Өскенбаев.

Тақырып бойынша энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасады.

«Жедел деректер бойынша, биылғы қаңтар-қыркүйекте мұнай және конденсат өндіру көлемі 61,9 млн тоннаны немесе 2021 жылдың ұқсас кезеңіне 99%-ды құрады. Мәселен, теңіз кен орнында аталған кезеңде 21,5 млн тонна мұнай өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне 113,6%-ды құрайды», — деді энергетика министрі.

Қарашығанақ кен орнында мұнай өндіру көрсеткіші 8,5 млн тоннаны немесе өткен жылдың ұқсас кезеңіне 100%-ды құрады. 

Қашағанда мұнай өндіру көлемі 8,7 млн тоннаны немесе осы жылдың жоспарына 83%-ды құрады. Бұл көрсеткіштің төмендеуі «Болашақ» зауытындағы газ бөлу қондырғысының биылғы жылдың тамыз айында істен шығуына байланысты болды.

Болат Ақшолақовтың айтуынша, оператор өндіру деңгейін тез қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде, бүгінде кен орны өз қуатының жартысына ғана жұмыс істейді.

Осы жылдың 9 айында мұнай экспорты 46,8 млн тоннаны немесе 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 96%-ды құрады. Бүгінде Каспий құбыр консорциумында жеке орнатылған 3 айлақ құрылғысының біреуі ғана жұмыс істейді.

Қашағандағы жөндеу жұмыстарына байланысты Каспий құбыр консорциумының жеке орнатылған бір айлақ құрылғысының жұмысы қазіргі көлемдер үшін жеткілікті. Каспий құбыр консорциумы осы жылдың қазан айында толық жұмыс істей бастайды деп күтілуде.

Биылғы қаңтар-қыркүйекте газ өндіру көлемі 39,4 млрд текше метр газды немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 100,6%-ды құрады. Тауарлық газ өндіру көлемі 21,1 млрд текше метрді құрады, бұл жоспарлы көрсеткіштен 6,6%-ға артық.

Тауарлық газды ішкі тұтыну 12,7 млрд. текше метрді немесе 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,6%-ды құрады. Газ экспорты 4,6 млрд текше метрді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 66,7%-ды құрады.

«Өздеріңіз білетіндей, экспорттан бұрын ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету басымдық болып табылады. Ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 1,27 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 95,5%-ды құрады», — деді энергетика министрі.

Оның айтуыыша, осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде 11,1 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді немесе бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,8%-ды құрады. Осылайша, мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру көлемі ұлғайтылды, оның ішінде:

- автобензин бойынша 3,7 млн тонна, немесе 105,9%;

- дизель отыны бойынша 4 млн тонна, немесе 108,3%;

- авиаотын бойынша 517 мың тонна немесе 119,1%;

- мазут бойынша 2,1 млн тонна немесе 117,3%.

«Бұған қоса, өңірлерде жанар-жағармай тапшылығына және бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша бірқатар шаралар қабылданды. 2023 жылдың қаңтарына дейін жанар-жағармай құю станцияларындағы әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерінің шекті бөлшек сауда бағалары ұзартылды», — деді министр.

Шекара маңындағы елдерге дизель отынын әкетуге жол бермеу мақсатында оның бағасы сараланып, автожанармай құю станциялары арқылы дизель отынын өткізуді есепке алудың электрондық жүйесі іске қосылды.

Өңірлерде қалдықтарды мониторингтеу және шалғайдағы елді мекендердегі жанармай станцияларына мұнай базаларындағы жанар-жағармай материалдары көлемін бөлу бойынша шешімдер қабылдау үшін өңірлік комиссиялар жұмыс істейді.

«Жыл соңына дейін мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен экспорттауға тыйым салу ұзартылды», — деді энергетика министрі.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жанар-жағармай материалдары нарығын реформалау, оның ішінде өнімсіз делдалдарды жою жөнінде шаралар кешені қабылданды. Жыл соңына дейін тиісті заңнамалық нормалар қабылданатын болады.

Биылғы қаңтар-қыркүйекте битум өндіру көлемі 707 мың тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 87,1%-ды құрады (жоспарға – 81,6%).

Өндірістің төмендеуінің негізгі себебі – «Qazaq Bitum» компаниясында битумның жоғары бағасымен байланысты. Импорттық шикізаттың қымбат болуына байланысты битум бағасы басқа өндірушілермен салыстырғанда 2 есе жоғары.

Ішкі сұранысты толық жабу мақсатында мынадай шаралар:

- битум бағасының нарықтық конъюнктурасын ескере отырып, жол-құрылыс жұмыстарын жоспарлау;

- уәкілетті органдар тарапынан жол-құрылыс ұйымдарына аванс беру және/немесе жыл бойы қаржыландыру мәселесі, оның ішінде бір жыл бойына битум сатып алу рәсімін жүзеге асыру үшін «ҚазАвтоЖол» АҚ-ны бірыңғай оператор ретінде айқындау;

- тұрақты өткізуді қамтамасыз ете отырып, қыс айларында мұнай өндеу зауыттарын мұнаймен жүктеу арқылы битум өндіру көлемін ұлғайту мәселесі пысықталуда.

Болат Ақшолақовтың ақпаратынша, биылғы қаңтар-қыркүйек қорытындылары бойынша мұнай-газ-химия өнімінің көлемі 195,5 мың тоннаға жетті, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткіштерінен 1,5 есе артық.

Есепті кезеңде тұтыну 82,6 млрд кВт/сағ болған кезде, 82,7 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілді.

Өткен жылмен салыстырғанда электр энергиясын өндірудің 1,3%-ға төмендеуі байқалады, бұл тұтынудың төмендеуіне байланысты.

«Негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу Министрліктің тұрақты бақылауында», — деді Болат Ақшолақов.

Әрі қарай ауыр шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады. 

«Биылғы 9 айда жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 6,9%-ға ұлғайып, 6,8 трлн теңгені құрады. Бұл өсім өсімдік шаруашылығы өнімі көлемінің 11%-ға, мал шаруашылығы өнімінің 1,1%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді», — деді Е. Қарашөкеев.

Бүгінгі таңда дәнді дақылдарды жинау аяқталуға жақындады. 10 қазандағы жағдай бойынша облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес 15,9 млн га астық жиналды, гектарына 13,5 центнер орташа өнімділікпен бастапқы салмақта 21,6 млн тонна астық бастырылды.

Мал шаруашылығында ет өндіру көлемі тірідей салмақта 0,7%-ға, сиыр сүтін өндіру көлемі 1,8%-ға, тауық жұмыртқасын өндіру көлемі 5,3%-ға өсті.

Министрдің айтуынша, облыстар бөлінісінде жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің республикалық деңгейден жоғары өсу қарқыны 4 облыста байқалды.

Көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,7%-ға өсіп, 2,1 трлн теңгені құрады.

Бұл ретте, қант өндіру көлемінің 49,8%-ға, жарманың 40%-ға, өсімдік майының 39,9%-ға, жаңа ауланған, салқындатылған немесе мұздатылған балықтың 20,3%-ға, ұнның 10,2%-ға, өңделген күріштің 8%-ға, макаронның 5,8%-ға, шұжық өнімдерінің 4,9%-ға артқаны байқалды.

Биылғы 9 айда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 7,5%-ға ұлғайып, 598,9 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 27,6%-ға ұлғайып, 88,8 млрд теңгені құрады.

«Жалпы Ауыл шаруашылығы министрлігі жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін барлық қажетті шараларды қабылдауда», — деді Ербол Қарашөкеев.