Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және кеңейту, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау, балық шаруашылығын дамыту, экология және геология мәселелерінің перспективалық бағыттары бойынша кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Фин тарапының озық тәжірибесін ескере отырып, қазақстандық тарап фин тарапымен жасыл экономика және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу саласындағы ынтымақтастықты өзекті деп санайды. «Қазіргі уақытта көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі Стратегиясының жобасы әзірленді, онда парниктік газдар шығарындыларын көміртексіздендіру мақсатында экономика салаларындағы қайта құруларды ескере отырып, қысқарту бойынша мақсатты көрсеткіштер қамтылған», – деп министр атап өтті.

Экология министрі сонымен қатар фин тарапымен қалдықтарды өңдеу, тұрақты орман шаруашылығы, табиғи және су ресурстарын ұтымды пайдалану, ІТ-технологиялар және т.б. салалардағы ынтымақтастық ерекше қызықтыратынын атап өтті. «Біз орман шаруашылығы және қалдықтарды басқару мәселелері бойынша ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде ғылымды дамыту, технологиялар трансферті, осы салаларда практикалық тәжірибе алмасу жөніндегі бірлескен шараларды айқындай аламыз», – деді Министр.