Құжат мәтінінде атап өтілгендей, тараптар онкологиялық қызметтің сапасын жақсарту үшін барлық күш-жігерін жұмсайды, оның ішіне диагностиканың, терапияны жоспарлаудың, емдеудің және науқастарды диспансерлік бақылаудың заманауи әдістері негізінде кешенді онкологиялық көмекті жоспарлаудың және пациенттерді бағыттаудың озық тәжірибесімен алмасу кіреді.

Сондай-ақ, екі тараптың ынтымақтастығы кардиологиялық қызметтің сапасын арттыруға, соның ішінде кешенді кардиологиялық көмекті жоспарлау және заманауи диагностикалық әдістерге негізделген пациенттерді бағдарлау, терапияны жоспарлау, емдеу және науқастарды диспансерлік бақылау бойынша озық тәжірибе алмасуға бағытталатын болады.

Бұдан басқа, пациенттердің цифрлық анонимді деректеріне және цифрлық клиникалық кескіндерге қолжетімділікті арттыру және басқару, Қазақстан Республикасындағы цифрлық денсаулық сақтау қызметтерінің сапасын қарастыру және жақсарту бойынша шараларды жүзеге асыру жоспарлануда.

Меморандумға Қазақстан тарапынан Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев пен Royal Philips компаниясының Үкімет және қоғаммен байланыс жөніндегі жаһандық директоры, вице-президенті Шеигронд Ян-Виллем мырза қол қойды.