Сонымен қатар жиында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқаны жайлы айтылды. 

– Мақсатымыз – сауда айналымын 10 миллиард долларға жеткізу. Анкара соңғы 15 жылда Қазақстанға 4,35 миллиард доллар инвестиция құйды. Ал біздің еліміз Түркияға 1,13 миллиард доллар қаржы салды. Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында тұр. Жалпы, екіжақты сауда-саттық әлеуетін арттыру жолында транзиттік тасымал бағыттары маңызды рөл атқарады. Біз тасымал шығынын азайтып, жеткізу мерзімін қысқарту үшін Транскаспий дәлізін дамытуға шақырамыз. Бүгінгі кездесуде біз оны талқыладық. Көзқарасымыз бірдей. Биыл маусым айында Бакуде үшжақты форматтағы кездесу өтті. Біз бұл дәстүрді жалғастыруға ниеттіміз. Келесі басқосуды Ақтауда өткізуді ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Түркия Президенті өзінің және делегациясының атынан қазақ халқының қонақжайлығына алғыс айтып, екі ел арасындағы барлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

– Қазақстан экономикасын әртараптандыруға біз әрдайым атсалысып келеміз. Халықты жұмыспен қамтуға байланысты бастамаларыңызға біздің компаниялар да өз үлесін қосатынына сенімдімін. Біз сауда айналымын қысқа мерзімде 5 миллиард, орта мерзімде 10 миллиард долларға жеткізуге келіскен болатынбыз. Әзірге бәрі жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығымыз біздің орта мерзімге жоспарлаған межемізге тез жетуге мүмкіндік береді. Каспийдің маңызы артып келеді. Бакудегі үшжақты кездесу сәтті өтті. Ақтаудағы басқосу бұл жұмыстарды ілгерілетеді деп сенеміз. Біз жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін арттыру жөніндегі әлем алдындағы міндетімізді тиісті деңгейде орындап келеміз. Бұл тұрғыда астығы мол Қазақстанның әлеуетін пайдалануға болады деп есептеймін, – деді Режеп Тайип Ердоған.