Темекіні тарту жиілігі бойынша халықтың бөлінісі келесідей: респонденттердің 16,6% темекіні күн сайын тартады, анда-санда тартатындар – 3,8%. Үйлерінде темекі түтінінің әсеріне ұшырайтын респонденттердің үлесі – 12,8%, жұмыста – 8,1%, қоғамдық тамақтану орындарында – 10,5%, олардың басым көпшілігі (93% астамы) темекі тартпайтын адамдар.

Өңірлер арасында темекі өнімдерін тұтынатындардың ең көп үлесі Қарағанды (25,4%), Павлодар және Жамбыл облыстарында (24,6%) тіркелді.

Темекі тарту ауыр ауруларды тудырады деп санайтын респонденттердің үлесі 85,5% құрайды. Қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салу туралы заңнаманың қолданылуын қолдайтындар – 67,7%.

2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы темекі тартатын респонденттердің үлесі 18-28 жас және 60(63) жас және одан жоғары жас топтарында өсті, қалған жас топтарында төмендеді.

 

* Ұлттық статистика бюросы 2020 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша елдегі ересек халықтың темекі тұтынуы бойынша зерттеу жүргізеді. Оның мақсаты – темекіні тұтыну, пассивті темекі тарту және темекіні тастауға деген ынта-жігердің болуы жайында бағалау деректерін алу, сондай-ақ темекі тұтынуды бақылау мен оның алдын алу.

Сауалнама жүргізу үшін тұрмыс деңгейі бойынша үй шаруашылықтарын іріктеп зерттеу  желісі қолданылады. Деректерді жинау респонденттердің сұрақнамаларды толтыруы арқылы жүргізілді, бұл ретте зерттеуде респондент ретінде 11 839 үй шаруашылығының 15 және одан жоғары жастағы бір мүшесі қатысты.