Е. Жамаубаев Заң жобасы елдің 2027 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленгенін хабарлады.
2023 жылға арналған түсімдер осы жылдың жоспарына қарағанда 2 трлн теңгеге ұлғайып, 17,8 трлн теңгені құрайды.
Вице-премьер республикалық бюджетке түсетін мұнай түсімдерінің үлесі біртіндеп азайып келе жатқанын айтты. Келесі жылы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт осы жылмен салыстырғанда 1,8 есеге азайып, 2,2 трлн теңге мөлшерінде тартылады.
Келесі жылы нысаналы трансферт 1,0 трлн теңге мөлшерінде айқындалып отыр.
Мұнай емес түсімдердің үлесі 2022 жылғы 59,8%-дан 2025 жылға қарай 78,2%-ға дейін өсумен көзделген.
Вице-премьер мұнай емес сектордан түсетін кірістердің ұлғаюы біртіндеп экономика диверсификациясының жақсаруымен және меншік табыс көзінің нығаюымен байланысты екенін жеткізді.
Бюджет тапшылығы биылғы Жалпы ішкі өнімге 3,3%-дан 2025 жылы 2,5%-ға дейін кезең-кезеңмен төмендеумен жоспарланып отыр.
Е. Жамаубаев шығыстар осы жылдың жоспарына қарағанда 2,2 трлн теңгеге ұлғайып, келер жылы 21 трлн теңгеге немесе Жалпы ішкі өнімге 17,4%-ға жоспарланғанын айтты.
Бұл ретте бұрынғыдай бюджет шығыстарының басым бөлігі әлеуметтік салаға тиесілі болып отыр. Жалпы сипаттағы трансферттерді ескерсек, оған осы жылдың жоспарына 2 трлн теңгеге ұлғая отырып, келесі жылы 10,6 трлн теңге көзделген.
2023 жылға экономиканың нақты секторын қолдауға арналған бюджет шығыстары 2,5 трлн теңге сомасында жоспарланған. Оның ішінде:
1. өңдеу өнеркәсібін дамытуға;
2. өңірлерде жалғасатын инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға;
3. кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту және қолдауға;
4. көлік және газ тасымалдау жүйесін дамытуға басымдық беріліп отыр.
Вицер-премьер «AMANAT» фракциясымен ауқымды жұмыс жүргізіліп, оның ішінде өңірлердің қажеттіліктері егжей-тегжейлі талқыланғанын айтты.
Жалпы, талқылау барысында Заң жобасы мақұлданып, Мәжілістің келесі жалпы отырысына шығарылатын болады.