Қаржы орталығының басшылығы Сенат депутаттарына АХҚО Сотының, Халықаралық төрелік орталығының, Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің, Экспат-орталықтың және АХҚО бизнесті дамыту тобының жұмысы туралы айтып берді.

Сонымен қатар сенаторларға Ұйымның елге ірі шетелдік капиталды тарту, адами әлеуетті және креативті экономиканы дамыту жөніндегі негізгі жобалары мен бастамалары, сондай-ақ, АХҚО юрисдикциясын одан әрі дамыту жөніндегі орталықтың қызметі таныстырылды.

Мәулен Әшімбаев ұлттық экономиканы және халықаралық ынтымақтастықты дамытуда Қаржы орталығының рөлі маңызды екенін атап өтті.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы ірі инвестициялар мен компанияларды жұмылдыру, қаржы нарығын дамыту және басқа да тетіктер арқылы ұлттық экономиканың негізгі дрвайверлерінің біріне айналып келеді. Бүгін бірқатар маңызды бастамалар туралы сөз болды. Біз оларды бірлесіп пысықтауға, қажет болса, Қаржы орталығының жұмысы мен бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге дайынбыз», – деген Сенат Төрағасы АХҚО-ның инвестициялық қызметіне және салық мәселелерін реттеуге, сондай-ақ тиісті заңнаманы жетілдіру қажеттілігіне назар аударды.

Өз кезегінде АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов Орталықтың Даму стратегиясын іске асырудың нәтижелеріне тоқталды. Сондай-ақ оларды жүзеге асыру жөніндегі алдағы жоспарлар туралы айтып, Парламентпен өзара іс-қимылды одан әрі нығайту қажеттігін тілге тиек етті.

Кездесуге Парламент Сенатының Вице-Спикері Ольга Перепечина, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков және Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Серікбай Трұмов қатысты.