«Біз жедел әрекет ету тобы қызметінің шеңберінде қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша ішкі істер министрлігі және өңірлермен бірлесіп жұмыс істейміз. Бір жұмыс тобында учаскелік полицейлер мен әкімдіктің барлық басқармаларының өкілдері бар. Полиция қиындыққа ұшыраған отбасыны анықтаған жағдайда, деректі құзырлы басқармаларға жібереді. Одан әрі отбасыға көмек көрсету мәселесі қаралады. Екі жыл ішінде түрлі қиындыққа тап болған 65 отбасы анықталды. Оның ішінде 17 мың отбасы құжатсыз болған. Демек олар ешқандай мемлекеттік көмек, қолдау алмайды деген сөз. Балалары мектепке бара алмайды, не ауруханаға жүгіне алмайды», - деді Динара Зәкиева елордада өткен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне арналған форумда.

Осы орайда халық қалаулысы өзі көтерген мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды.

«Бірінші ұсыныс - отбасы істері және балалардың құқығын қорғау жөніндегі мемлекеттік агенттік құру. Агенттіктің жергілікті жерлерде департаменттері болуы тиіс. Екінші ұсыныс - өңір әкімдіктері жанынан отбасы істері жөніндегі басқарма құруды ұсындық. Бізде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде жастар және отбасы істері жөніндегі комитет бар. Бірақ комитеттің аймақтарда басқармасы жоқ. Осы орайда қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, оларға қолдау көрсететін, жалпы отбасылық саясатты жүзеге асыру бойынша өңірлермен байланыс жоқ. Үшінші ұсыныс - отбасы мәселесін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құзыретінен шығарып, ол функцияны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапкершілігіне беру ұсынылды. Осылайша отбасы мәселелерін шешуде біртұтас жүйе құру үшін жергілікті жерлердегі әлеуметтік қорғау басқармаларының функционалдығын кеңейту керек», - дейді Динара Зәкиева.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты елімізде отбасындағы жанжалдың 80% ішімдікпен байланысты екендігін алға тартты.