Президент:

Жетісу облысының стратегиялық мағынасы баршаға белгілі, тарихы да терең. Киелі топырақта Балпық би, Қабан жырау мен Молықбай қобызшы дүниеге келген. Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, Мұхаметжан Тынышбаев сияқты ардақты азаматтарымыз өсіп-өнген.

Сондай-ақ, қасиетті жерден Әбілхан Қастеев, Ғали Орманов, Мұқан Төлебаев, Әнуар Әлімжанов сынды төл мәдениетіміздің көрнекті өкілдері шыққан.

Ел ішінде бұл аймақты «Жетісудың жеті кереметі», «Жер жаннаты Жетісу» деп бекер айтпаған.

Бұрынғы Алматы облысының жер көлемі тіпті үлкен болды. Біз жергілікті басқару ісін жетілдіру үшін облысты екіге бөлдік. Бұл – мұқият ойланып жасалған қадам. Себебі, бұл, ең алдымен, тұрғындар үшін қолайлы екені анық.

Қазір Жетісудың әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруға бюджеттен қаржы бөлініп, қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл шешім аймаққа инвестиция тартуға, инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етеді. Біздің басты мақсатымыз да – осы.

Жетісу өлкесінің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте зор. Табиғаты – жайлы, жері – құнарлы. Мұнда жер де, су да жетеді. Тек оны тиімді пайдалану керек.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет биыл 5 миллион гектарға жуық бос жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Біз осылай ауылдардың маңындағы жер тапшылығы мәселесін шешеміз. Қайтарылған жер жергілікті шаруалардың арасында әділ бөлініп, берілуге тиіс. Бұл әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам болады.

Бүгінде Жетісу облысы бойынша 100 мың гектардан астам игерілмей жатқан жер анықталды. Соның жартысы мемлекет меншігіне қайтарылды. Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек. Әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет.

Еліміздегі 4 қант зауытының екеуі Жетісуда орналасқан. Оның біреуі – Ақсу қант зауыты жұмыс істемей тұр. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап облыстық бюджеттен 12 миллиард теңге жұмсалды. Алайда, серіктес инвестор тарапынан серпінді жұмыс байқалмай отыр.

Биыл жазда елімізде қант бірден қымбаттап, тіпті, тапшылық туындады. Оның бәрі құзырлы органдардың салғырттығының кесірінен болды. Тіпті, тиісті кадрлық шешімдер қабылдауымызға тура келді.

Қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді. Оған 500 миллиард теңгеге жуық инвестиция салу көзделіп отыр. Алдағы 5 жылда өзіміз өндіретін қанттың үлесі 7 пайыздан 43 пайызға дейін өседі.

Жетісу облысында қант қызылшасы егілетін аумақты 2,5 есе ұлғайтып, 15 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы қант тапшылығы мәселесі өзіміздің шаруаларды қолдау өте маңызды екенін көрсетті. Жәрдем шаралары тек қазақстандық фермерлерді қолдауға арналған.

Жалпы, біз отандық агро секторды қолдау жұмыстарын одан әрі жалғастыра береміз. Соның арқасында Жетісу өңірі еліміздегі қант өндіретін орталықтың біріне айналады.

Бұл өңірдің транзиттік әлеуеті өте зор. Сондықтан, мұнда халықаралық көлік-логистика компанияларын тарту аса маңызды. Сол үшін «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Оған құрғақ порт, логистикалық және индустриялық аймақтар кіреді.

Бұл жерде 2026 жылдың соңына дейін 22 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Оның жалпы құны – 450 миллиард теңге шамасында. Дегенмен, жүкті түсіріп, қайта тиеуге арналған орындар және оны сақтайтын қоймалар салу қажет. Осы бағытта жаңа, заманауи жобаларды қолға алған жөн.

Мемлекет кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау үшін тиімді тәсілдер қолданып жатыр. Атап айтқанда, гранттар, шағын және жеңілдетілген несиелер беріледі.

Осы өңірдегі еңбекке жарамды халықтың үштен бірі шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Аймақтағы кәсіпкерлердің санын айтарлықтай көбейту үшін мемлекет тарапынан қолдау шараларын күшейту қажет.

Осы мақсатта арнайы ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бірақ бұл туралы халықтың көбі білмей жатады. Сондықтан, ел ішінде бизнесті қолдау саясаты туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу қажет.

Экономикадағы өте жылдам дамып жатқан саланың бірі – цифрлық технология. Астанада және Алматыда мықты ІТ кластер қалыптасып жатыр. Олар еліміздің цифрлық дамуына орасан зор үлес қосары анық. Осы орайда, Жетісу облысының да ІТ секторындағы әлеуеті зор.

Бұл аймаққа да білікті мамандарды тартуға болады. Ол үшін, әрине, ең алдымен, қажетті инфрақұрылымды дамытқан жөн.

Жетісу халқының 90 пайызы сумен қамтамасыз етілген. Алайда, су құбыры желілерінің едәуір бөлігі (яғни, 37,5%) әбден тозған. 1,2 мың шақырым құбыр желісі күрделі жөндеуді қажет етеді.

Сондықтан, өңірдегі құбыр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту – әкімдіктің басты міндетінің бірі. Құрылыс жұмыстарын қатаң бақылауда ұстау керек.

Тағы бір маңызды мәселе. Бұл – ауыз судың сапалы болуын қамтамасыз ету. Мысалы, Текеліде жылдар бойы жалғасып келе жатқан түйткілді бәріңіз жақсы білесіздер. Қала тұрғындары таза ауыз сусыз отыр.

Бұл мәселені ұзаққа созбай шешу керек. Облыс және қала әкімдері аталған тапсырманың орындалуына тікелей жауапты. Үкімет республика бюджетінен алдағы жылы қаржы бөлу мәселесін қарастыруға тиіс.

Келесі маңызды бағыт – өңірді газбен қамтамасыз ету. Бұл шара халықтың жайлы өмір сүруіне, тұрмыс сапасын жақсартуға әсер етеді. Сондай-ақ, экологиялық мәселелерді шешуге септігін тигізеді.

Қазір көгілдір отын облыс тұрғындарының 10 пайызына ғана қолжетімді. «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбыры салынып, облыс орталығына газ толық берілді. 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласының маңына дейін барлық елді мекенді газбен толық қамтамасыз етуді тапсырамын.

Сонымен қатар, «Талдықорған – Үшарал» бағытында газ құбырын тарту керек. Бұл 180 мың адам тұратын Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына газ жеткізуге мүмкіндік береді. Үкіметке осы жобаны қаржыландыруды тапсырамын.

Жетісу аймағының транзиттік әлеуеті өте жоғары. Өңірдің бұл әлеуетін толық пайдалану үшін көлік инфрақұрылымын дамыту керек. Алдымен апатты жағдайда тұрған 15 көпірді жақын арада ретке келтіру қажет.

Жолдарды күтіп ұстау және жөндеу мәселесі құзырлы мемлекеттік органдардың айрықша бақылауында болуға тиіс. «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Үшарал – Достық» тас жолдары салынып жатыр. Осы жылдың соңына дейін жолдың асфальтты қабатын салып бітіру қажет.

Құзырлы органдарға жұмыс барысын қатаң бақылауға алып, келесі жылы толық пайдалануға беруді тапсырамын.

Кербұлақ және Панфилов аудандары арқылы өтетін республикалық күре жолды жөндеу мәселесі өзекті болып тұр. Бұл – өте маңызды жол. Сондықтан, Үкімет пен әкімдікке ондағы күрделі жөндеу жұмысын алдағы 2 жылдың ішінде аяқтауды тапсырамын. Қажетті қаражатты шұғыл қарастыру керек.

Ең алдымен, жолдың сапасы жақсы болуы керек. Алайда, құрылыс та созылып кетпеуге тиіс. Бұл жергілікті жұрттың тұрмысына және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Облыстағы республикалық маңызы бар күре жолдарда болған жол апаттарынан 9 айда 61 адам қайтыс болды. Бұл – жан түршігерлік көрсеткіш.

Елімізде жол апаттары, оның ішінде адам өліміне әкеп соқтырған оқиғалар көбейіп барады. Бұған еш жол беруге болмайды. Адам өліміне әкеп соқтырған әрбір жол апатын төтенше жағдай ретінде қарастыру қажет. Адам өмірі – біздің басты байлығымыз. Сондықтан, азаматтардың амандығы және қауіпсіздігі бірінші орында тұруға тиіс. Жол құрылысы кезіндегі жемқорлық пен селқостықты түбірімен жою үшін жүйелі шаралар қабылдау керек.

Сонымен бірге, көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру керек. Рөлге отырған әрбір адам жол ережесін қатаң сақтап, барынша мұқият болуы өте маңызды.

Жолдағы қауіпсіздікке мемлекет пен азаматтар бірдей жауапты. Бұл – ортақ міндет.

Әділетті Қазақстанды құру дегеніміз – барша азаматтарға бірдей мүмкіндік жасау деген сөз. Сапалы білім жастардың болашаққа сеніммен қадам басуына және еліміздің дамуына жол ашады. Сондықтан, жас ұрпақтың, әсіресе, ауылда тұратын балалардың жайлы мектепте алаңсыз білім алуына жағдай жасау өте маңызды. Бұл өңірде апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқытатын мектеп жоқ. Бірақ босаңсуға болмайды.

Қазір аймақта 12 мектеп салынып жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен алдағы 3 жылда тағы 7 білім ошағын салу жоспарланып отыр. Осы орайда, мердігерлердің жұмысы сапалы болуы керек. Олардың жұмысын қатаң бақылауға алу қажет.

Жетісудің керемет табиғаты және ерекше ауа-райы сауықтыру орындарын дамыту үшін өте қолайлы. Осы мүмкіндікті өңірдегі медицина орталықтары тиімді қолдануы керек деп ойлаймын. Онда заман талабына сай емдеу және оңалту бағдарламаларын қолға алуға болады.

Емдеу-сауықтыру туризмінің болашағы зор. Осы аймақта кезінде «Қапал-Арасан» шипажайы өте танымал болатын. Бұл – сонау ХІХ ғасырда ашылған Қазақстандағы алғашқы емдеу-сауықтыру орны. Осы шипажайды қайта жаңғырту мәселесін қарастырған жөн.

Ұлт саулығын жақсарту үшін балалар спортын және бұқаралық спортты насихаттауымыз керек. Елімізде «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Онда 2025 жылға қарай дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтардың үлесін 50 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылған. Қазір Жетісу облысында бұл көрсеткіш – 34 пайыз. Көздеген мақсатқа жету үшін спорт инфрақұрылымын дамыту қажет. Мұны, әсіресе, ауылдық жерлерде қолға алған жөн.

Қазақстанда көрікті жерлер өте көп. Осыны ұтымды қолдануымыз керек. Жетісу облысының әкімдігі туризмді дамытуға айрықша мән беруі қажет. Әсіресе, Алакөл мен Балқаштың орасан зор әлеуеті бар.

«Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркі – экологиялық туризмді дамыту үшін таптырмайтын жер. Текелідегі әйгілі Шажа және Қора сайлары керемет көріністерге толы. Міне, осының бәрі – тұнып тұрған байлық.

Әрине, туристер көптеп келу үшін тиісті инфрақұрылым салып, қолайлы жағдай жасау керек. Бұл – оңай шаруа емес. Соңғы жылдары бұл бағытта біршама жұмыс атқарылды. Бірақ, мұнымен шектелуге болмайды.

Жетісудағы ұлттық парктерде құны 3 миллиард теңгеден астам инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Оған ірі инвесторлар тартылды. Қорықтарға апаратын жолдар жөнделіп жатыр. Мұнда Орталық Азиядағы ең биік «Бұрхан бұлақ» сарқырамасына сай ішімен баратын жол салынады.

Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшып-қону жолағы жөнделді. Өткен екі жылда Алакөлде инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бюджеттен 16 миллиард теңге бөлінді.

Көлдің жағасында кәріз желісін салу үшін құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балқаштың туристік әлеуетін арттыру үшін бірнеше жоба қолға алынды.

Елімізде бірлік болса, төрт құбыламыз түгел болады. Халқымыздың бірлігі – Қазақстанның егемендігі мен дербестігінің кепілі.

Казахстан вступил в новый этап развития. Нам предстоит долгий и тернистый путь реформ во всех сферах жизни. Твердо уверен, что участие всех граждан в модернизации страны станет мощным фактором успеха наших реформ. Полезный вклад в эту работу вносит Ассамблея народа Казахстана.

Мен тағы бір мәселеге арнайы тоқталғым келіп отыр. Бүгінде ұлы Абайдың кесенесі – еліміздегі ең танымал нысанның бірі. Алайда, Талдықорған облысында Абайға арналған бірде-бір лайықты ескерткіш жоқ. Бұл – ұят нәрсе, үлкен олқылық. Оны түзету керек.

Алтынемелде қазақтың әйгілі ғалымы Шоқан Уәлихановтың мәңгілік мекені бар екені барша жұртқа белгілі. Шаңқанай ауылында оның ескерткіші, мұражайы бар. Жергілікті жұрт қазақтың ұлы перзенті жерленген жерді қараусыз қалдырмаған. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Біз Шоқанды әлемдік деңгейде дәріптеуіміз керек. Жалпы, біз ұлы перзенттерімізді құрметтей білуіміз керек. Мұндай тарихи орындар туралы үнемі айтып, ұрпаққа таныстырып отыру қажет.

Осы тақырыптан туындайтын тағы бір мәселе бар. Ел тарихында ерекше орын алатын көптеген тұлғаларымыз шетелде жерленген. Ұлтымыздың ұлы перзенттері Әл-Фараби және Бейбарыс сұлтан Сирияның Шам шаһарында жатыр. Қазақтың әйгілі үш биінің екеуі – Төле би мен Әйтеке бидің зираты – Өзбекстанда. Құрманғазы мен Бөкей ханның кесенесі Ресей жерінде. Жат жерден топырақ бұйырған басқа да көптеген тарихи тұлғаларымыз бар.

Әрине, олардың бәрінің сүйегін елге алып келу мүмкін емес. Ондай мақсат та жоқ. Бірақ, тағдырдың жазуымен жат жерде қалған ұлы бабаларды ұмыт қалдырмау – біздің азаматтық парызымыз.

Шын мәнінде, әділдік болмаса, ешбір сала дамымайды. Халқымыз «Әділ істің – бәрі игі» деп бекер айтпаған. Құзырлы органдар, лауазымды тұлғалар шешім қабылдағанда осыны әрдайым есте ұстауға тиіс.

Әділетсіз қабылданған шешім биліктің беделін түсіреді. Қоғамға іріткі салып, халықтың наразылығын тудырады. Сондықтан, ешқашан әділдіктен аттауға болмайды. Барлық мемлекеттік қызметшіден әділ болуды талап етемін. Сонда ғана біз берекелі қоғам, мықты мемлекет боламыз.

Мен тағы бір күрделі мәселеге тоқталғым келіп отыр. Елімізде көп адам несие алып, қарызға батып жүр. Бұл мәселе мені де қатты толғандырады. Таяу арада мен осы мәселе бойынша ұсынысымды халыққа жариялаймын.

Жетісудан шыққан азаматтар тәуелсіздік кезеңінде елімізді дамытуға зор үлес қосты. Соның ішінде белгілі журналист, қоғам қайраткері Бейсен Құранбекті баршаңыз жақсы білесіздер. Оның әзірлеген хабарлары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Бейсен Құранбек Жетісу телеарнасында біраз жыл табысты қызмет атқарды. Оның азаматтығы, ұлтжандылығы және отаншылдығы, еңбекқорлығы қалың жұртқа танымал . Өкінішке қарай, дарынды азамат ортамыздан ерте кетті.

Мен Талдықорғандағы Журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімін беру туралы ұсыныс айтылып жүргенін білемін. Бұл – Жетісу жұртшылығының, сондай-ақ барша журналистер қауымының, қалың көрерменнің және жалпы халықтың қалауы. Сондықтан, бастаманы қолдау қажет деп санаймын.