Кездесу барысында білім және ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралды, сондай-ақ 2022 жылғы 14 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасында қол жеткізілген кейбір уағдаластықтарды іске асыру жолдары талқыланды.

Атап айтқанда, Ш. Нұрышев қазақстандық тараптың ҚХР Төрағасының ҚР-да кәсіптік білім беру саласындағы халықаралық жобасын – «Лу Бань шеберханасын» іске асыру туралы бастамасын қолдайтынын атап өтті. Бұл ретте Қазақстанның ел аумағында түрлі әлемдік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуда мүдделілігін ескере отырып, осы екі бастамаларды біріктіруді және оларды іс жүзінде іске асыру жолдарын әзірлеуді ұсынды. Осы мақсатта Қазақстан Елшісі жақын арада екі елдің мүдделі мемлекеттік органдары мен университеттері арасындағы келіссөздерді ұйымдастыруға бастамашы болды.

Өз кезегінде Ван Сюй ғылым мен білім саласының Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың серпінді бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтіп, Қытай тарапының оны одан әрі кеңейтуге дайындығын білдірді. Ол Қытайдың «Лу Бань шеберханасы» халықаралық жобасымен егжей-тегжейлі таныстырды, сондай-ақ Тяньцзинь кәсіптік университетінің Қазақстанның жоғары оқу орындарымен практикалық ынтымақтастыққа дайындығын атап өтті.

Кездесу соңында сұхбаттасушылар келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында өзара тығыз әрекеттестікті жалғастыруға келісті.

 «Лу Бань шеберханасы» - Қытайдың кәсіптік білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық жобасы. Осыдан 2,5 мың жыл бұрын өмір сүрген Қытайдың ұлы шебері және өнертапқышы Лу Баньның есімімен аталған. Бұл жобаның мақсаты кәсіптік-техникалық білім беру орталықтарын бірлесіп құру арқылы шетелдік техникалық оқу орындарына білікті кадрлар даярлауға көмек көрсету болып табылады. Бүгінгі таңда әлемнің 19 елінде 20 «Лу Бань шеберханасы» жұмыс істейді.