Ведомство басшысы «Эко-Фарм» ЖШС-ға қарасты пайдалануға берілген зауытта медициналық жабдықтар мен жеке қорғаныш құралдарын, атап айтқанда арнайы киімдер мен бетперде және обаға қарсы жиынтықтар шығаратын цех қызметін тексерді.
Кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында мемлекет тарапынан жоба құрылысын жүргізу үшін толыққанды инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер учаскелері берілді. Сондай-ақ кәсіпорын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде «Даму» қоры арқылы субсидия алды.
Ашылғанына 10 жылға жуық болған зауыт Оңтүстік Корея, Германия және Австрияның жоғары заманауи технологияларымен жабдықталған. Кәсіпорын арнайы медициналық киімдер, вакуумдық түтіктер, ине мен оны сақтайтын түтікшелер, дәрі-дәрмекке арналған қобдишалар және медициналық дәкелер шығарады.
«Эко-Фарм» зауытының бас директоры Гүлия Жүзенованың айтуынша, жаңа цехты іске қосқаннан кейін кәсіпорын жыл сайын 600 мың дана қорғаныш киім жиынтығын шығару мүмкіндігіне ие болған. Бұдан бөлек, бүгінде 500 мың дана медициналық киім-кешектер, 40 мың медициналық қорғаныш көзілдірігі және 20 млн бетперде мен респираторлар өндіріледі. Жаңа кәсіпорын жергілікті еңбек нарығы үшін 150 тұрақты жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Одан кейін Қайырбек Өскенбаев дәрі-дәрмек және гигиеналық құралдар шығаратын «Dentafill Kazakhstan» ЖШС зауытының құрылыс барысымен танысты. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін индустриялық аймақтан арнайы жер бөлініп, «Бизнестің жол картасы - 2020» аясында қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді.
Бүгінде құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, кәсіпорынды іске қосуға дайындық жүргізілуде. Зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 10 млн дана медициналық дәрі-дәрмек пен гигиеналық құралдар шығаруға мүмкіндік береді. 90 жаңа жұмыс орны ашылды.
ИИДМ басшысы аялдаған келесі нысан заманауи мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен кеңсе жиһаздарын шығаратын еліміздегі ең ірі «Mega Smart B2B» ЖШС зауыты. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорында тағы бір нысан іске қосылмақ. Өз кезегінде бұл 100 жаңа жұмыс орнын ашып, жылына 120 мың дана жиһаз шығаруға мүмкіндік бермек.
Осы ретте айта кетерлігі, қазіргі күнде Шымкент қаласында «Тассай», «Оңтүстік» және «Сауда-логистикалық аймақ» индустриялық аймақтары жұмыс істейді. Сонымен қатар өңірде «Жұлдыз» жаңа индустриялық аймағы ашылды. Жуырда «Бозарық» агро-индустриялық аймағын ашу жоспарланып отыр.
Жалпы аумағы 89 гектарды құрайтын «Тассай» индустриялық аймағы 2016 жылы құрылған. Оның инфрақұрылымының құрылысына 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды.
Аймақта 40 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Тартылған инвестиция көлемі 47,9 млрд теңгені құрайды. 2 мың 600 жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде «Тассай» индустриялық аймағы 100 пайызға қамтылған. Қазіргі күнге дейін жалпы сомасы 35 млрд теңгені құрайтын 22 жоба іске асырылып, 1 625 жаңа жұмыс орны құрылды. 2022 жылы 935 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін тағы 9 жобаны іске қосу көзделіп отыр.
2016 жылдан бері индустриялық аймақ қатысушылары 6,5 млрд теңгеге жуық салық төлеген.