Форум жұмысына Саравак штатының Үкімет мүшелері мен ресми өкілдері, сондай-ақ 130-дан астам жергілікті кәсіпкерлер, бизнес қауымдастықтардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Штат басшысының орынбасары Амар Қажы Хасан өз сөзінде Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту және елдегі шетелдік бизнесті қолдау үшін барлық жағдай жасап жатқанын атап өтті. Ол Қазақстан мен Малайзия мұнай және газ, инфрақұрылымды дамыту, цифрлық экономика, телекоммуникация, халал өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы саласында бірлесе жұмыс істеу тұрғысынан жоғары қызығушылық танытатынын мәлімдеді.

А. Қажы Хасан Саравак кәсіпкерлеріне Қазақстанмен бірлесіп бизнесті дамытудың бірегей мүмкіндігі бар екенін айтып өтті. Ол осы бағыттағы кез келген бастаманы қолдауға дайын екенін білдірді. «Егер Қазақстан қандай деп сұрасаңыз, бұл – мүмкіндіктер елі», - деп түйіндеді ол.

ҚР Құрметті консулы Д. Пенгиран Путера Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалар туралы айтып, елдегі қолайлы іскерлік климатты ерекше атап өтті. Ол сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың қазіргі жай-күйіне егжей-тегжейлі тоқталды.

Іс-шарада Қазақстанда бизнес жүргізіп жатқан малайзиялық компаниялардың басшылары да сөз сөйледі. Астана қаласында тұрғын үйлер мен мектеп салып жатқан «Kings Development» компаниясының басшысы Хи Кинг Чионг өзінің Қазақстанда бизнес жүргізу тәжірибесімен бөлісті және оның компаниясы 2016 жылдан бастап Қазақстанға 7 млн АҚШ доллардан астам инвестиция құйғанын айтты. Ол ҚР-дың инвестициялық саясатына сенім білдіріп, басқа компанияларды Қазақстанға инвестициялауға шақырды.

Малайзия Шағын және орта бизнесті халықаралық қолдау палатасының президенті Меган Су малайзиялық бизнес үшін қазақстандық іскерлік ахуал туралы презентация өткізді.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы және «QazTrade» ССДО» АҚ өкілдері іскерлік форумға қатысушылар үшін онлайн-презентациялар өткізді.

Қазақстан Елшісі Болат Сүгірбаев энергетика, инфрақұрылым, ЖЭК, сауда және туризм саласындағы ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін атап өтті. Дипломат екі ел арасында берік саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар орнағанын және бүгінгі таңда Малайзия Қазақстанға шамамен 1 млрд АҚШ доллар шамасында инвестиция әкелгенін айтты.

Жалпы, іс-шараға бизнес пен БАҚ тарапынан жоғары қызығушылық байқалды.

Іс-шара қорытындысы бойынша келесі жылы Қазақстанға іскерлік делегация құруды бастау туралы шешім қабылданды. Елші Саравак штаты Премьерінің орынбасарын 2023 жылы Қазақстанға бизнес-миссияны бастап келуге шақырды.

Саравак штаты – Малайзиядағы ең ірі аумақ, ол ЖІӨ көлемі бойынша үшінші орынға ие және 2021 жылы оның көлемі 30 млрд АҚШ долларынан асты.