Мәулен Әшімбаев ТМД ПАА Кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде биыл Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалық ететініне тоқталды. Сондай-ақ ол өзара мүдделі салалардағы іс-қимылды нығайтуға және ынтымақтастықты арттыруға бағытталған жұмыстың негізгі басымдықтары мен нәтижелеріне назар аударды.

Сенат Төрағасы ТМД Саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Достастық аясындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша бірқатар жаңа бастама ұсынғанын атап өтті. Осыған орай Мәулен Әшімбаев әріптестерін Қазақстанның ұсыныстарын қолдауға шақырды. Одан бөлек, парламенттік дипломатияны одан әрі ілгерілетудің және ТМД елдерінің заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын тілге тиек етті.

«Прагматикалық және өзара сенімділік бағытында бірлескен жұмысымызды дәйекті түрде жалғастыру өте маңызды. Біздің елдеріміздің ұлттық мүдделерін өзара құрметтеуге негізделген жан-жақты ынтымақтастық Достастық кеңістігінде ұзақ мерзімді орнықты дамудың іргетасы екені анық. Бұл экономиканың өсуіне және барлық мүше елдер азаматтарының әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды. Дәл осындай форматта ТМД Парламентаралық Ассамблеясы алаңындағы өзара іс-қимыл және диалог қалыптасады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Спикері Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері жөніндегі республикалық референдумға халықаралық байқаушылар тобын жібергені үшін ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясы мен Парламенттеріндегі әріптестеріне алғыс білдірді.

«Қазақстан үшін бұл референдумның тарихи маңызы зор болды. Референдумның нәтижесі Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды конституциялық реформаларды бекіте түсті. Қазақстандықтар жүйелі өзгерістер мен эволюциялық дамуды қолдап дауыс берді. Конституцияға енгізілген түзетулердің қабылдануы еліміздің билік институттарын қалыптастыру мен өзара іс-қимылдың жаңа моделіне көшуге жол ашады», – деген Мәулен Әшімбаев Достастықтың парламентшілерін биылғы 20 қарашада өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауына дайындық пен оны өткізу барысын бақылауға белсенді қатысуға шақырды.