Кездесуге Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Тимур Турлов, Freedom Finance Global PLC директорлар кеңесінің төрағасы Сергей Лукьянов қатысты.

Freedom Group - бұл жобаны жүзеге асыру үшін 2,12 млрд. теңге қаржы салмақ. Инженерлік нысанның құрылысы аяқталса, Ақтау қаласы мен Түпқараған ауданының Ақшұқыр, Сайын Шапағатов ауылдары тұрғындары сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етілмек.
Нәтижесінде 230 мыңға жуық адам сапалы суға қол жеткізеді. Жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының «Каспий жылу, су арнасы» МКК-на жүктелді.
Құрылысты аяқтау 2023 жылдың соңына жоспарланған.

Еске салайық, Мемлекет басшысы биыл жылдың басында отандық бизнес өкілдерімен кездесуде кәсіпкерлерді отансүйгіштік пен әлеуметтік жауапкершілік көрсетуге шақырып, капитал, тәжірибе, басқару командасының әлеуеті мен өзге де ресурстарды елге бағыттауға шақырған болатын. «Егер сіз өз болашағыңызды Қазақстанмен байланыстырсаңыз, онда сіз өз қаражатыңызды еліміздің қайта инвестициялау саласына салуыңыз керек. Бұл сіздің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершілігіңіз», - деді Мемлекет басшысы.

– Кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілікке үлкен мән беріп, өңірдің дамуына инвестиция құюы бізді қуантады. Осы орайда жалпы ұзындығы 18 шақырымды құрайтын су құбырын тартуға қолдау көрсеткен Тимур Турловқа алғысымызды білдіреміз. Бұл құбыр Ақтау қаласынан Ақшұқыр ауылына дейін өтеді, қазір жеке инвестор есебінен тұшыту зауыты салынып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Маңғыстау облысында әсіресе мамыр айынан қыркүйекке дейін ауыз су тапшылығы байқалады. Бұл жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Ақшұқыр, Сайын Шапағатов елді мекендері мен Ақтау қаласының бір бөлігі толығымен сумен қамтамасыз етіледі деп күтеміз, - деді Нұрлан Ноғаев.

Тұщы судың тапшылығы Маңғыстау өңірінің басты мәселелерінің бірі екені белгілі. Облыста табиғи су көздері жоқ, ауыз су теңізден алынады. Алайда, бұл тәсілдер де халықты үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей отыр. Облыстың даму деңгейін ескере отырып, 2025 жылға қарай тұщы суға деген қажеттілік тәулігіне 250-260 мың текше метр, тапшылық 100-110 мың текше метрге дейін жетеді деп болжанған.

– Биыл мемлекетіміз үшін жаңа кезең басталды. Жаңа Қазақстан құрылысының табысты болуы әрқайсымызға байланысты болады деп ойлаймыз. Жеке мен үшін, бүкіл компаниямыз үшін елдегі мүмкіндіктердің әрбір қазақстандық үшін тең болуын қамтамасыз етуге үлес қосу өте маңызды. Өңірге көрсеткен қайырымдылық көмегіміз бүкіл бизнес қауымдастығы үшін белгі болып, мемлекетпен бірге барлық өзекті мәселелерді тез арада шешуге өзіндік бастау болады деп сенемін. Өйткені сапалы ауыз суға деген қажеттілік негізгі мәселе болып табылады. Біз Қазақстандағы азаматтардың қажеттіліктеріне көмектесетін және ертеңгі болашағымыздың жарқын болатынына сенім ұялататын жобаға қатысқанымызды мақтан тұтамыз, - деді Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры
Тимур Турлов.

2015 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы тұрақты дамудың 17 мақсатын әзірледі, оның ішінде «Барлығы үшін су мен санитарияның қолжетімділігін және тұрақты пайдаланылуын қамтамасыз ету» де бар. Бағдарламаны Қзақстанда іске асыру үдерісі БҰҰ өкілдерінің де, Қазақстан Республикасының Үкіметінің де тұрақты бақылауында. Маңғыстау облысындағы су тұщыту зауытынан ЦУВС4-ке дейін сорғы станциясы мен су құбыры желілерінің құрылысын қаржыландыру тұрақты даму мақсаттарына жауап беретін ESG күн тәртібіндегі жүзеге асырылып жатқан бастамалардың бірі болып табылады. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қазан айында Freedom Holding Corp. – Freedom Finance Global PLC – Ұлттық ESG клубына қосылды.