Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауды газбен қамту жағдайына ерекше назар аударған болатын. 2021 жылдың қыркүйегіндегі облысқа жұмыс сапары барысында ол Сарша аумағынан бастап “Жылы жағажай” аумағына дейін газ құбырын тарту осы аумақта орналасқан Құрық елді мекенін және ондағы өндірістік, курорттық нысандардарды да газдандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық дамуы мен туристік әлеуетінің дамуына да тың серпін бермек.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың тамыз айында Маңғыстау облысындағы Құрық ауылынан Сарша елді мекеніне дейін газ құбырын тарту жұмыстары басталды.

Қазірдің өзінде 7 шақырым құбыр тартылып, құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтаусыз жүруде. Құрылыс алаңына 9170 метр пластик құбырлар жеткізіліп, 11500 метр жер асты қазу жұмыстары жүргізілді. Жобаның тапсырыс берушісі – «ҚазТрансГазАймақ»АҚ, бас мердігері - «Қағам» ЖШС.

Жоба 2023 жылдың сәуір айында аяқталады деп жоспарланған.