ҚР СІМ-де өткен кездесу кезінде тараптар Қазақстан-Германия қарым-қатынасының экономикалық ынтымақтастық және ү.ж. алғашқы сегіз айында 1,7 млрд еуроға жеткен тауар айналымын одан әрі арттыру перспективаларынан бастап, Қазақстан өңірлерінде ЖЭК саласындағы неміс флагмандары Goldbeck Solar және Svevind компанияларымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ескере отырып, энергетика саласындағы кооперацияның жаңа түрлеріне дейінгі барлық спектрі бойынша пікір алмасты.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары тығыз және сенімді диалогтың болуын, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер бойынша ұстанымдардың ортақтығын атап өтті. Қазақстанның бейбітшілік пен келісім жолындағы халықаралық, этносаралық және дінаралық диалогты құрудағы рөлі ерекше аталды.

Астана мен Берлиннің көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласында сындарлы өзара іс-қимылға деген қызығушылықтарына айрықша назар аударылды. Қазақстанның Германия мен Еуропаға пайдалы қазба, тамақ өнеркәсібі өнімдері, шикі мұнай және басқа да энергия ресурстарын жеткізуде сенімді серіктес екеніне тоқтала келе, М. Тілеуберді қазақстандық тараптың герман серіктестеріне ерекше артықшылықтар беруді кең ауқымды инвестициялар мен неміс технологиялардың трансферіне алмастыруға дайын екенін атап айтты.

Бірлескен баспасөз конференциясында сөйлеген сөзінде А. Бербок Астанада Германияның Сутегі дипломатиясының кеңсесін ашуын жариялады. ГФР СІМ қолдауымен GIZ Герман халықаралық ынтымақтастық қоғамының аясында құру жоспарланып отырған екіжақты энергетикалық іс-қимылдың жаңа құрылымы екі елдің тұрақты отын-энергетика циклін құру мәселелері жөніндегі үкіметтік және сараптама топтары арасындағы практикалық іс-қимылды жүйелеуге арналған.

ГФР СІМ басшысымен бірге келген неміс саяси тұлғалары және бизнес өкілдері, оның ішінде экономикалық құрылымдар басшылары мен Lufthansa, Aurubis және Knauf сияқты ірі компаниялардың топ-менеджерлері ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Р. Склярмен, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары О. Перепечинамен, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Қазақстан-Германия» достық парламенттік топ мүшелерімен және энергетика, инфрақұрылымдық және индустриалды даму министрліктерінің және т.б. басшылығымен кездесулер өткізді.

Неміс тарапы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құру жөніндегі саясатымен, елде жүргізіліп жатқан ауқымды демократиялық реформалармен, сондай-ақ 20 қарашада өтетін алдағы президенттік сайлауды ашық және еркін түрде өткізуге бейілділігімен танысты. Неміс делегациясына инвестициялық ахуалды одан әрі жетілдіру және елімізбен «жасыл» энергетика, ауыл шаруашылығы және бәсекеге қабілетті көлік-логистикалық тізбектерді қалыптастыру салаларында өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктері жөнінде шаралар ұсынылды. Делегация құрамында ГФР-дың ресми және іскер топтарынан барлығы 50-ге жуық өкілі келді. Бұл аса ірі еуропалық экономиканың республикамызбен және жалпы алғанда Орталық Азия өңірімен ынтымақтастықтың толық әлеуетін ашуға деген айрықша қызығушылығын білдіреді.

Сапар барысында А. Бербоктың қатысуымен бірқатар кездесулер мен іс-шараларды өткізу, атап айтқанда, оның ҚР-дағы Адам құқықтары жөніндегі өкілі Э. Азимовамен және Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Ф. Фробартпен сұхбаты, «Алжир» мемориалды-мұражай кешеніне бару, «ЭКСПО-2017» көрмесі аумағында орналасқан «Нұр-Әлем» болашақ энергиясы мұражайына экскурсия жасау жоспарлануда.

Биыл Қазақстан мен Германия бүгінгі таңда стратегиялық ынтымақтастықтың барлық саласындағы үдемелі дамумен сипатталатын дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтуде. Мәселен, соңғы он жылда Орталық Азия өңіріне денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын және көлік логистикасын сапалы дамытуға бағытталған барлық тікелей неміс инвестициясының шамамен 80%-ы еліміздің үлесіне тиесілі. 2005 жылдан бастап неміс компаниялары Қазақстанға 5,2 млрд АҚШ долларын салды, ҚР-да ГФР компанияларының қатысуымен 600 кәсіпорын жұмыс істейді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы пандемияға дейінгі көрсеткіштен 20%-ға артып, 2,2 млрд АҚШ долларға жетті.