Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Тұжырымдамада білім беру сапасын кешенді жақсарту бойынша бірқатар іс-шаралар ұсынылғанын хабарлады. Атап айтқанда, мектепке дейінгі тәрбиенің «ойын арқылы оқыту» жаңа моделін енгізу, балабақшалар мен орталықтар ашу, тәрбиешілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жалғасады.

Жекелеген пәндер бойынша мектеп бағдарламалары жетілдіріледі. Бұл ретте мектептерге кезең-кезеңмен академиялық автономия берілетін болады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі мектептерде қорытынды бағалау нәтижелерін тану бойынша жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Оқу процесін цифрландыру шеңберінде бірқатар жобалар іске асырылады: «цифрлық мұғалім», шағын комплектілі мектептерде жекелеген пәндерді онлайн оқыту және дербес цифрлық оқулықтар (мобильді қосымша).

Бұдан басқа, білім берудегі қызметтерді цифрландыру, оқушы орындарының жетіспеушілігін жою, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау, жаңа факультативтік пәндерді енгізу және мектептерде қосымша секциялар ашу, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту және т. б. жұмыстар жалғасады.

Осы тақырып бойынша ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де баяндама жасады.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр ұсынылып отырған Тұжырымдама балабақшадан бастап университетке дейінгі оқытудың барлық деңгейінде сапалы білім алуға қол жетімділікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. 

«Құжатта барынша биік мақсаттарды көздейтін нысаналы индикаторлар айқындалған. 2026 жылға қарай мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының барлығы тәрбие және оқыту сапасын бағалаудың халықаралық құралдарын енгізетін болады. Ата-аналар білім беру жүйесіндегі «жан басына қаржыландыру» принципі бойынша кез келген бала-бақшадан орын таңдай алады. Сонымен қатар құжатта Балалардың амандығы мен әл-ауқаты индексін және интерактивті картасын іске асыру шаралары көзделген», – деді Әлихан Смайылов.

Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектептерде жайлы және қауіпсіз орта құру мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы әзірленіп жатқанын еске салды. Шағын комплектілі мектептерде білім беру сапасын жақсарту үшін «Мобильді мұғалім», «Оқу үлгерімі төмен мектептерге мықты мектептердің қамқорлығы», «Қамқор жанұя» жобалары енгізілуде.

Сонымен қатар 2025 жылға қарай жаңа құрылыс стандарттары бойынша жалпы саны 840 мың орынға арналған мектептер салу жоспарланған.

«Тұжырымдаманың барлық жоспарлары, сайып келгенде, балалардың сапалы және жан-жақты дамуын қамтамасыз етуі керек. Сондықтан, балалардың бойындағы білім нәтижесін бағалаудың барлық деңгейде мойындалған әдістемелерін енгізуге ерекше назар аудару қажет», — деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, жастарды кәсіпкерлік дағдыларына оқыту үшін колледждер, оның ішінде ауылдық колледждер жанынан шағын инновациялық кәсіпорындар құрылатын болады. Бұл колледж түлектерінің 75%-ын оқу бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жетекші жоғары оқу орындарын зерттеу университеттеріне трансформациялау жүруде, сондай-ақ беделді шетелдік университеттер филиалдарының саны да артады.

2026 жылға қарай бакалаврлар стипендиясының мөлшері 2 есеге, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есеге артады.

Әлихан Смайылов жоспарланған іс-шараларды іске асыру білім беру сапасын жақсартуға және Қазақстанның халықаралық білім беру рейтингтеріндегі көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Ұсынылған Тұжырымдама дауыс беру арқылы бекітілгеннен кейін Премьер-Министр Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, оның іс-шараларын уақытылы орындауды қамтамасыз етуді, сонымен қатар Тұжырымдаманы «Білімді ұлт» ұлттық жобасымен, «Жайлы мектеп» жобасымен үйлестіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі білім беру ұйымдарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет.