2003 жылдан бастап біздің азаматтардың өмірді сақтандыру компанияларымен (ӨСК) зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға құқығы бар. Мұндай шарт азаматтарға зейнеткерлік жасын күтпей жыл сайынғы индекстеуді (кемінде 5%) ескере отырып, ӨСК-нан тұрақты төлемдерді өмір бойы алуға мүмкіндік береді.
2022 жылғы 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілген Сақтандыру нарығын дамыту туралы Қазақстан Республикасының заңымен зейнетақы аннуитеті шарты бар азаматтарға ӨСК-нан ақшаны БЖЗҚ-на ішінара қайтару құқығы берілді.
Заңды іске асыру үшін 2022 жылғы 20 қазанда тиісті нормативтік құқықтық акт (НҚА) қабылданды, ол ресми жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң, атап айтқанда 2022 жылғы 8 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.
Көрсетілген күннен бастап зейнетақы аннуитеті шарты бар азаматтар ӨСК-на өтінішпен жүгініп, зейнетақы аннуитеті шартының ең төменгі құнынан асатын сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін БЖЗҚ-на қайтара алады.
«Ол үшін зейнетақы аннуитеті шарты ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен емес деңгейде төлемдерді қамтамасыз етуге тиіс жаңа шарттармен қайта жасалады», - деп атап өтті Әсел Әмірбаева.
Сақтандыру ұйымдары сақтанушы өтініш берген күннен бастап 20 күнтізбелік күн ішінде қайтарылуға жататын ақша сомасын БЖЗҚ-на аударуға міндетті.
Сондай-ақ, НҚА ӨСК-мен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу тәртібін жеңілдетеді. Енді азаматтар зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға өтінішті тек қағаз түрінде ғана емес, сонымен қатар ӨСК-ның интернет-ресурсы арқылы электрондық нысанда да бере алады.
«Жалпы қабылданған өзгерістер сақтанушылардың зейнетақы аннуитеті шартында көзделген құқықтарын кеңейтеді және азаматтардың зейнетақы аннуитеттері мәселелері бойынша ӨСК-на жүгіну рәсімдерін нақтылайды», - деп қорытындылады қаржы реттеушісінің өкілі.