Ұлттық палатаның кезекті съезі қарсаңында өткен кездесу барысында Әлихан Смайылов Үкімет пен бизнес арасында тиімді диалог орнағанын атап өтті.
«Біздің өзара іс-қимылымыз өте тығыз және күнделікті түрде жүргізілуде. Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мәселесі – біз үшін басым міндеттердің бірі. Біз бұл жұмысты бірлесіп жүргізуге дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, мемлекет экономиканың түрлі секторларында бизнес өкілдерін толғандыратын мәселелерге ерекше көңіл бөледі. Мәселен, Отандық кәсіпкерлер кеңесі шеңберінде де нақты жұмыс жүргізіліп жатыр, отырыстарда орта мерзімді кезеңге арналған жаңа экономикалық саясат, көлік, энергетика салалары мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері талқыланды.
«Проблемаларды шешудің жақсы мысалдары бар, бірақ мемлекеттік органдар тарапынан әзірленген шешімдерді іске асыруды кешіктіру фактілері де жоқ емес. Бұл мәселелер менің жеке бақылауымда болады», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы Ұлттық палатаның нормативтік құқықтық актілерге жүргізілетін сараптаманы күшейту жөніндегі ұсынысын қолдады. Атап айтқанда, әзірлеуші мемлекеттік органды бизнес мүдделерін қозғайтын НҚА жобасының соңғы нұсқасын ҰКП-ға қайта жіберуге, ал консенсус болмаған жағдайда – тұжырымдамалық мәселелер бойынша қарау және позицияны дайындау үшін Премьер-Министр деңгейіне шығарылатын келіспеушіліктер хаттамасын жасауға міндеттейтін нормаларды енгізу бастамасы көтеріледі.
Сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жүйесінде құжаттарды әзірлеуде ҰКП рөлін күшейту көзделген. Сонымен қатар Әлихан Смайылов мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды бақылауды жақсарту тетігін әзірлеу жөніндегі бастаманы қолдады.
«Осы жұмыс шеңберінде Үкімет деңгейінде бекітілетін әрбір сала үшін маңызды нысаналы индикаторлар – KPI қалыптастырылатын болады. Осы көрсеткіштерге қол жеткізуді бірге бақылайтын боламыз», — деді Премьер-Министр.
Бұдан басқа, Әлихан Смайылов өңірлер деңгейінде халықтың басым бөлігі еңбек ететін шағын бизнеске бағытталған осындай тәсілдерді енгізуді мақұлдады.
«Біз өңірлік даму бағдарламалары шеңберінде кәсібін жаңадан бастағандар мен шағын кәсіпкерлікті қолдауға ерекше назар аударатын боламыз», — деді ол.
Өз кезегінде Райымбек Баталов Үкімет деңгейінде жұмыс істейтін диалог алаңдарының тиімділігін жоғары бағалады.
«Біз экономиканың әр секторындағы өзекті әрі шұғыл мәселелерді көтеріп келеміз. Біз үшін бұл өте маңызды, бұл бизнес қауымдастығын топтасуға ынталандырады. Бүгінгі таңда өзара күш біріктіре отырып, талай мәселелердің бизнестің мүддесіне сай шешімін табуына ықпал еттік, оның мысалдары көп», - деді Райымбек Баталов.
Төралқа басшысы Ұлттық палатаны трансформациялау басталғаны, оның бюджеттік бағдарламаларға және оған тән емес функцияларға тәуелділігі қысқартылып жатқаны, бизнес қоғамдастықтың жаңа Салық кодексін және бірқатар стратегиялық мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге қосқан үлесі, сондай-ақ өңірлерде шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жаңа тәсілдерді іске асыру туралы хабардар етті.
Премьер-Министр Үкіметтің Ұлттық палатамен бірлесіп, реттеуші актілер мен бизнеске қойылатын талаптарды талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын еске салды. Бүгінгі таңда 44 саланың 18-інде талдау аяқталды, 1101 нормативтік-құқықтық акті қаралды, жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына сәйкес келмейтін 6101 (11%) талап анықталды. Мемлекеттік органдар НҚА-ға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмысты бастап кетті.
Оның айтуынша, мемлекеттік бақылауда тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін автоматтандыру бойынша жұмыстар жалғасуда, нәтижесінде заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысым айтарлықтай төмендейді.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр барлық айтылған өзгерістерді іске асыруда бизнестің жетекші рөл атқаратынын атап өтті. Осыған орай Үкімет кәсіпкерлік қоғамдастықпен бірлесіп, ел экономикасын дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасауды одан әрі жалғастырады.