Іс-шара аясында ҚР Ұлттық экономика министрі, Қазақстан-Македония үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Әлібек Қуантыров сөз сөйледі.

ҰЭМ басшысы өз сөзінде Солтүстік Македония Республикасы Қазақстанның сенімді және ұзақ мерзімді сыртқы экономикалық серіктесі болып табылатынын айтып, іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Македония тарапына алғысын білдірді.

«Бүгін біз үкіметаралық комиссияның қызметін бастай отырып, екіжақты қатынастар тарихының жаңа кезеңін аштық. Елдеріміз арасында нормативтік құқықтық база құрылды, сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы, инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы, қосарланған салық салуды болдырмау туралы негізгі экономикалық келісімдер жасалды», - деп толықтырды министр.

Ә.Қуантыров Қазақстан сындарлы диалогты нығайтуға және Солтүстік Македониямен практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екенін атап өтті.

«Тауар айналымының көлемін ұлғайту және жеткізілетін өнім тізімін кеңейту бойынша жұмысты одан әрі жалғастыру қажет. Қазіргі уақытта біздің алдымызда инвестициялар мен бірлескен өндірістер саласындағы ынтымақтастықты жандандыру бойынша маңызды міндет тұр», - деп мәлімдеді ведомство басшысы.

Қазақстан өз тарапынан Солтүстік Македонияның көлік инфрақұрылымы мен туризмді дамыту жөніндегі тәжірибесін зерделеуге мүдделі.

Министр «Астана» Халықаралық қаржы орталығының жұмысына ерекше назар аударды. АХҚО ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 1624 компания тіркелген, оның 664-ті шетелдік компаниялар.

«Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасты. Жеңілдетілген салық режимі қолданылады, ұлттық заңнамалар үнемі жетілдіріліп отырады және инвестициялық преференциялар пакеті кеңейтілуде. Біздің стратегиялық міндетіміз - 2025 жылға қарай шетелдік инвестициялар көлемін жылына $30 млрд-қа дейін ұлғайту», - деп нақтылады Ә.Қуантыров.

Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Солтүстік Македония Республикасының Экономика министрлігі арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.