Министр редакторлардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, ақпарат саласында мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.

«Медианың дамуына Түркістан облысындағы әріптестердің қосып отырған үлесі зор. Мемлекет басшысы айтқандай, әділетті де баршаға мүмкіндік беретін қоғам құруда журналистердің атқаратын қызметі көп. Сондықтан кәсіби маман ретінде ақпаратты алу мен таратуда, мемлекет мүддесін ескергеніміз абзал»,- деді министр.

Сонымен қатар Дархан Қыдырәлі Түркістандағы этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесті.

«Елдің бірлігі мен ұлттың тұтастығы – аса қастерлі құндылық және ұлттың байлығы мен қоғамның басты қазынасы. Біртұтас азаматтық қоғам қалыптастыру жолында қазақстан халқының татулығы мен келісімі ерекше маңызды екендігі баршамызға анық»,- деп атап өтті министр.

Кездесуде этномәдени бірлестіктер және Қазақстан Халқы Ассамблеясы өкілдерімен еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жаңғыру, заң үстемдігі, жаһандану заманындағы сын қатерлерге төтеп беру сынды маңызды мәселелер төңірегінде өзара пікіралмасу болып өтті.