2016 жылғы 27 маусымнан бастап ЕАЭО шеңберінде Көлік құралы паспортының және өздігінен жүретін машина және техниканың басқа да түрлерінің паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электрондық паспорттар жүйесін ұйымдастыру туралы Келісім қолданылуда.

Бұл келісім ЕАЭО шеңберінде көлік құралдарының еркін айналымы үшін тиімді жағдайлар жасау, көлік құралдарымен байланысты орын ауыстыру, сатып алу - сату және басқа да заңды әрекеттер кезінде тиісті рәсімдерді оңайлату, сондай-ақ олардың ЕАЭО кедендік шекаралары арқылы өтуін бақылауды күшейту мақсатында қабылданған.

2022 жылғы 2 қарашадан бастап өздігінен жүретін машиналар мен техниканың өзге де түрлерін (тракторлар, жол, құрылыс, қойма және басқа да техникалар) айналымға тек электрондық паспортты ресімдей отырып шығаруды қамтамасыз ету қажет болған.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ұлттық операторлары жүйелерінің интеграциясы болмағандықтан, көрсетілген мерзімге цифрлық паспортты ресімдеуге көшу мүмкін болмады.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің әртүрлі жылдамдықтағы ақпараттық дайындығын тегістеу, сондай-ақ ЕАЭО нарығында өздігінен жүретін машиналар мен техниканың өзге де түрлерінің еркін айналымын қамтамасыз ету мақсатында Комиссия Алқасы 3 қарашада Армения, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан үшін тек электрондық паспорттарды ресімдеуге көшу мерзімін ағымдағы жылғы 15 желтоқсанға дейін ұзартты.

Ресей Федерациясы ағымдағы жылдың 2 қарашасынан бастап жоғарыда аталған техникаға тек электрондық паспорттарды ресімдеуге кірісті.

Ресей Федерациясына «қағаз» төлқұжаттармен әкелінген өздігінен жүретін машиналар мен техниканың өзге де түрлерін ағымдағы жылдың 15 желтоқсанына дейін тіркеу есебіне қоюға рұқсат етіледі.

Бүгінгі таңда толыққанды ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің әріптестерімен бірлесіп, электрондық паспорттарға көшу мерзімін 2023 жылғы 1 маусымға ұзарту мәселесін пысықтауда.