Қазылар алқасы мен көрермендер назарына 50-ден астам нөмір ұсынылды. Фестивальдің қатысушылары ән айтуы, орындаушылық шеберлігі, әртістігі және сахнада өзін ұстау мәнері бойынша сыналды.

– «Жас сарбаз» фестивалі жастар арасында үлкен сүйіспеншілікке ие. Музыка әскери қызметшілердің жауынгерлік рухын нығайтып, күнделікті іс-қимылдан шаршағанын басады және ұрыста жауынгерлерге күш-жігер береді. Жеңіс бар жерде, ән де бар, – деді салтанатты марапаттау рәсімінде Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.

«Вокал» аталымында бірінші орынды Батыс Қазақстан облысынан Темірлан Батырбек иеленді. Екінші орын – Атырау облысының орындаушысы Дастан Бағытжанға, үшінші орын – елордалық «Жас Қыран» әскери колледжінің триосына бұйырды.

«Фольклор» номинациясы бойынша астаналық «Ақжелен» ансамблі жеңімпаз атанды. Екінші орынды «Арыстан» мамандандырылған лицейінің «Домбыра» тобы еншіледі. Алматыдағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің «Ұлытау» тобы үшінші орынды місе тұтты.

Вокалдық-аспаптық ансамбльдер арасында «Арыстан» мамандандырылған лицейінің «Авангард» шығармашылық ұжымы үздік деп танылды. Екінші орынды Павлодар облысының «Әуен» вокалдық-аспаптық ансамблі олжаласа, үшінші орынды Алматы облысының «Ғасырлар сазы» ансамблі иеленді.

Көрермен көзайымы сыйлығын шымкенттік Жайна Нұрмахан және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан келген Диана Рашитова алды. Патриоттық әнді әуелете шырқаған үздік әнші – шымкенттік Еңлік Байзақ, ал үздік авторлық ән сыйлығы алматылық Айсұлтан Мұхамадиевке бұйырды.

Талантымен көрерменнің жүрегіне жол тапқан Талдықорғандағы десанттық-шабуылдау әскерлері әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Арсен Самаратбеков фестивальдің бас жүлдесін олжалады.