Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов офицерлер тобымен Ақтау, Бейнеу, Жаңаөзен және Форт-Шевченкода орналасқан әскери бөлімдерге барды. 

Жұмыс сапары барысында әскери қызметшілермен және олардың отбасы мүшелерімен кездесулер өткізілді. Кездесу барысында ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелері мен оны іске асыру бойынша қорғаныс ведомствосы қабылдап жатқан шаралар айтылды. 

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел басқаруын демократияландыру, барлығы үшін тең мүмкіндіктері бар әділ Қазақстанды құру бойынша басталған реформаларды қолдайтынын тағы бір мәрте көрсетті. Бұл біз үшін маңызды. Өйткені, біздің өміріміз бен қызметіміз Отанымыздың ажырамас бөлігі, – деп атап өтті генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов. 

Қорғаныс министрінің орынбасары әскери қызметшілер мен отбасы мүшелерінің қызықтырған сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ қорғаныс ведомствосының лауазымды тұлғаларына әскери басқару органдарының шешімдерін талап ететін мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар берді. 

Гарнизондарды аралау барысында жергілікті атқарушы органдардың басшылығымен кездесулер өткізіліп, әскери қалашықтарды абаттандыру, әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз етуге жәрдемдесу мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, әскери бөлімдердің қолбасшылығымен бірге 2022 оқу жылының қорытындысы шығарылып, Қарулы күштерде 1 желтоқсанда басталатын жаңа оқу жылына арналған міндеттер айқындалды. 

Қорғаныс министрлігінің басшылар құрамының жұмыс сапарлары жақын арада Қарулы күштердің әскери бөлімдері орналасқан елді мекеннің барлық өңірлерін қамтитын болады.