Балық саласы – балық аулау және жасанды балық өсіру арқылы экономикалық өсу мен халықты жұмыспен қамтитын экономиканың маңызды салаларының бірі.
Негізгі балық аулау Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жүргізіледі.
Табиғи су қоймаларында жыл сайын шамамен 40-45 мың тонна балық ауланады және бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде.
Сонымен қатар, Қазақстанға шамамен 41 мың тонна балық өнімдері, негізінен мұхит пен теңіз балық түрлері (скумбрия және майшабақ) әкелінсе, шамамен 25 мың тонна экспортталады, мұндағы негізгі үлес терең өңделген өнімдерге (балық филесі) тиесілі. Бұл ретте, отандық балық өнімдері әлемдік нарықта сәтті бәсекелесуде.
«Саланың негізгі міндеті – теңіз балық шаруашылығын игеру және тауарлық балық шаруашылығын дамыту есебінен балықтың ішкі тұтынуын арттыру, сондай-ақ экспорттық әлеуетті және импортты алмастыруды одан әрі арттыру», - деп атап өтті министр.
ДДҰ ұсынымына сәйкес адам баласы жылына кем дегенде 16 кг балық тұтынуы керек, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 кг құрайды, бұл жан басына шаққандағы балықтың аз тұтынылуын көрсетеді.
Бүгінгі таңда елде мыңнан астам балық шаруашылығы субъектілері жұмыс істейді, оларға 1646 балық шаруашылығы су айдындары мен олардың учаскелері бекітілген. 2021 жылы шамамен 45 мың тонна балық ауланды, ал өсірілген балық көлемі соңғы 5 жылда 5,5 есе - 2,7 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін өсті.
Мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындары жыл сайын бағалы балық түрлерінің шабақтарын жасанды өсіруді қамтамасыз етеді. Алайда, кәсіпорындардың өндірістік базасы тозғанын және жаңғыртуды талап ететінін ескеру қажет.
Осы проблемалық мәселелерді ескере отырып, Мемлекет басшысы Атырау қаласындағы екі бекіре зауытын қайта құру мен жаңғыртуды тапсырды.
Сонымен қатар, бағалы балық түрлерін табиғи жолмен молықтыру үшін өзендердің гидрологиялық режимін жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, қорғау іс-шаралары күшейтілуде, заңнамалық база жетілдірілуде. «Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде балық өңдеумен айналысатын субъектілер үшін ҚҚС-ты 70%- ға төмендету көзделеді. Заң жобасы Парламент Сенатында қаралуда.
Сондай-ақ, өндірілген және өсірілген балықты терең өңдеуге, қосылған құны жоғары балық өнімдерін шығаруға жағдай жасауға аса көңіл бөлінеді. Көлеңкелі айналымды төмендету үшін балық өнімдерін қадағалаудың ақпараттық жүйесін әзірлеу жүргізілуде.
«Өткен жылы Үкімет «Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын» қабылдады, онда балық шаруашылығына басты назар аударылды. Бүгінгі таңда практикалық іске асыру жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде 2030 жылға қарай жылына 270 мың тонна балық өсіру, балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайту, импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайту жоспарлануда. Бұдан бөлек, кемінде 10 мың қосымша жұмыс орнын құру және негізінен ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыру жоспарлануда», - деді С.Брекешев.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, салада бірқатар проблемалық мәселелерді шешу үшін ведомство басшысы бірқатар ұсыныстар айтып, депутаттық корпус өкілдерін бастаманы қолдауды сұрады.
Балық шаруашылығы мәселелері Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында.