«Биылдан бастап әл Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде МИФИ және С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті негізінде Губкин атындағы РМУ филиалдары ашылды. Сондай-ақ М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті негізінде Аризона Университетімен қос диплом бағдарламасы және бірлескен халықаралық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Хериот Ват университетімен (Ұлыбритания) Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университет арасында келісім бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Семейдегі Шәкәрім университеті мен І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті негіздерінде техникалық университеттердің филиалдарын ашу мәселесі пысықталып отыр. Алыс шетелдегі алдыңғы қатарлы университеттердегі шетелдік эксперттерді оқытушылық қызметке тарту жоспарланып отыр. Министрлік Бірыңғай Орталық Азия жоғары білім кеңістігін құруға бастамашылық жасады. Нәтижесінде Бірыңғай кеңістік құру декларациясы қабылданды, Орталық Азия мемлекеттерінің университеттер Альянсы құрылды. Қазақстандық платформада тұрақты жұмыс істейтін Орталық Азиядағы жоғарғы білім кеңістігінің Бюросын құру қолға алынды. Бұл барлық бастамалар Қазақстанның Болон үрдісінде тең төрағалық шеңберінде жасалуда», - деді вице-министр.


Оның айтуынша, QS Asia University Rankings 2023 Азия мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы университеттер рейтингісінде Қазақстанның 32 университеті топ-тізімге кірді. Оның ішінде, 2 отандық университет үздік 100 ЖОО қатарынан табылды.